Қазіргі өмірімізді әлеуметтік желілерсіз көзге елестете алмаймыз. Бірнеше мыңдаған, миллиондаған адам әлеужеліде отыр. Оның пайдалы жағымен қатар, зиянды жағы да бар. Адамды қорлау, ар-намысын аяққа таптау, қауіпті пранк жасау, аудиторияны кеңейту үшін біреуді балағаттау деген нәрселерге де етіміз өліп барады. Бұған заң жүзінде тыйым салмасақ, басқаша тоқтататын жолы жоқ. Ақпарат технологиялары дамыған сайын адамдардың бір-біріне деген өшпенділігі де ұлғайып барады. Өйткені алгоритмнің негізі сол: мұндай контент жылдам әрі кең таралады. Интернеттегі агрессияға жай ғана біреудің көңіл күйінің болмауы да әсер етеді. Оның жазған балағат сөзі желіде тез жайылып, көп қаралым жинайды. Осы қаралымнан қыруар табыс табатындар да аз емес. Ал әлеужеліде қорланған адамның құқығын кім қорғайды? Әлеуметтік желідегі құқыққа қайшы контентті таратуға заң жүзінде қалай тыйым салынады? Осы сауалдарға жауап іздейік.
Пікір жазып, өкініп қалма...
Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, біреуді балағаттасаң, боқтық сөз айтсаң, жалған ақпарат таратсаң – мұндай контент үшін жазаланасың. Оның жазасы да әртүрлі болуы мүмкін: жай ғана айыппұл төлеуден әкімшілік қамауға алу, тіпті жекелеген оқиғаларда қылмыстық жауапқа тартылуы да мүмкін. Жұрттың көпшілігі осыны біле бермейді. Нақты мысал келтірейік. 42 жастағы қызылжарлық блогер Ирина Антоненко 25 қыркүйекте – Жалпыұлттық аза тұту күні тікелей эфирде би биледі. Ол қайғылы оқиғаға орай күнделікті өмір сүру салтын өзгертпейтінін айтты. 29 қыркүйекте сот блогерді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамауға алды. Шымкенттік 4 блогер TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде балағат сөздер айтып, соттың шешімімен оларға 17 тәулік әкімшілік қамақ жазасы берілді. Шілде айында ІММ әдепсіз әрекет жасап, қауіпті пранк түсірген 9 стримерді жазалағаны мәлім. 37 жастағы Астана тұрғыны Индира Ештаева TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айыппұл салынды. 20 жастағы шымкенттік Данияр Сейдәлиев аудиторияның назарын аудару үшін эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Осы әрекеті үшін оған
8 тәулік әкімшілік қамау жазасы берілді. Мұндай мысал көп. Мысалы, қоғамдық орында я болмаса әлеуметтік желіде балағат сөз сөйлеген адам, сол сөзі қоғамдық тәртіпті бұзып, айналадағы адамдарға зиянын тигізсе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша жауапқа тартылады. Ұсақ бұзақылық қылмыс үшін 20 АЕК (86500 теңге) көлемінде айыппұл төлеу, 5-тен 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алу жазасы белгіленген. Бейәдеп сөз сөйлеген адам бірден жауапқа тартыла салмайды. Оның іс-қимылының мазмұнына назар аударылады. Ол біреуді бекерден-бекер ар-намысын таптап, қорласа, 432 мың теңге айыппұл төлейді я болмаса 120 сағат қоғамдық жұмысқа жіберіледі. Егер оның іс-әрекеті интернетте жасалса, 865 мың теңге айыппұл төлейді немесе 180 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Әлбетте, бір адамды сынауға, оның істеген ісіне қатысты сыни ой-пікір айтуға тыйым жоқ. Тек сол сын-ескертпеде адамның жеке басын қорлауға қатысты сөздер болса, соған филологиялық сараптама жасалады.
Жалған ақпараттың жазасы
Егер жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмесе және қоғамда үрей туғызса, оны таратқан адам қылмыстық жауапқа тартылады. Мұндай оқиғалар індет жайлаған жылдары болғаны мәлім. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-бабының 2-тармағына сәйкес, жалған ақпарат таратқан және соны бөліскен адам қылмыстық жауапқа тартылады. Қылмыстық кодекстің 274-бабы қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін, егер ол ақпарат қоғамдық тәртіпті шайқалтып, азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің құқығы мен заңдық мүддесіне айтарлықтай залал келтірсе, қылмыстық жауапкершілік жазасын белгілейді. Жауапкершілік жарияланған ақпараттың мазмұнына және оның таралуының себеп-салдарына байланысты қарастырылады. «Мен тексерілмеген ақпаратты байқамай бөлісіп қойыппын» деген сөз ешкімді жауапкершіліктен құтқармайды. Бөгде біреудің материалын бөліскен желі қолданушы жалған ақпаратты одан әрі таратушы болып саналады. Сол себептен біреудің жазған жазбасын бөлісуден бұрын ол ақпараттың анық-қанығын біліп, тексеріп, адамдардың құқығы мен бостандығына қайшы келмейтініне көз жеткізіп алу керек. Ал әлеужелідегі жазбаны өшіріп тастасаң да, жауапкершіліктен құтылмайсың. Өйткені оны дер кезінде скриншоттап алып, нотариуспен растау жеткілікті. Сондай-ақ құпия аккаунтпен де біреуді балағаттап алып, тыныш отыра алмайсың. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әуелі аккаунтты тексеріп, онда шыққан ақпаратты кім салғанын оп-оңай таба алады.
Super Vision экожүйесі деген не?
Қазіргі кезде Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы келетін контентті анықтауға білек сыбанып кірісті. Нақтырақ айтсақ, құзырлы ведомство онлайн-платформалар мен БАҚ-тардың ашық дереккөздерінен ақпаратты жинау мен талдауды автоматтандыруға арналған Super Vision мониторинг экожүйесін дайындауда. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында ашық айтты. Министр осы жауабында әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мәселен, TikTok, Threads, Instagram, Telegram және Facebook желілеріндегі 184 аккаунт тексерілген. Нәтижесінде 86 қолданушы әкімшілік жауапқа тартылыпты. Оның 56-сына айыппұл салынса, 29 адам әкімшілік қамауға алынған, 1 адам қоғамдық жұмысқа жіберілген.
Ресми дерек бойынша 2026 жылдың 9 айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша 124 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Құзырлы министрлік басшысының атына депутаттық сауал жолдаған Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде тарайтын «трэш-стриминг» ұғымын заңнамада бекітіп, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлауды және әдейі арандатушылық әрекеттерді насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынған болатын. Ал Ержан Сәденов «трэш-стриминг» ұғымын Қазақстан заңнамасына енгізу орынсыз деп санайды.
– «Трэш-стриминг» термині бағалау сипатына ие және нақты заңдық мазмұны жоқ, бұл құқықты қолданудың біржақты болуына әкеп соғуы мүмкін. Нақты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік заңнамада қарастырылған. Адам ҚК 174-бабы (әлеуметтiк, ұлттық, этностық, нәсiлдiк немесе дiни алауыздықты қоздыру), 274-бабы (көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату) және ӘҚБтК 456-2-бабы (жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату) бойынша жауапқа тартылуы мүмкін, – деп түсіндірді министр.
Мәселен, 2026 жылдың 9 айында Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша 72 қылмыстық іс тіркеліп, оның 21-і сотқа жолданған. 274-бап бойынша 64 қылмыстық іс қозғалып, соның ішінде 9 іс сотқа жіберілген.
Қорлауға қалай шағымданамыз?
Құрылтай депутаттары көтерген тағы бір мәселе – азаматтарды олардың келісімінсіз тікелей эфирге шығару, ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпарат тарату кезінде олардың құқығын қорғау. Министр өзінің жауабында қолданыстағы заңнамада адамның ар-намысы, қадір-қасиеті мен бейнесін қорғау тетігі бар екенін жазыпты. Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар сот арқылы нұқсан келтіретін ақпараттың таралуын тоқтатуға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған. Ішкі істер министрлігі тікелей эфирлердің ерекшелігін ескере отырып, интернеттегі заңсыз бейнеқолдану мен қорлау фактісіне шағымдану рәсімін жетілдіру қажет деп санайды. Сондай-ақ онлайн-платформалардың негізді шағымдарға жауап беру уақытын қысқарту мәселесіне назар аударған.
Аккаунттары уақытша жабылады
Қазақстанда онлайн-платформаны пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына жауап жолдаған Премьер-министр Олжас Бектенов хабарлады.
– Үкімет қолданыстағы заңға 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды онлайн-платформаларда тіркеуді реттеуге байланысты түзетулер әзірледі. Қазіргі таңда түзетулер Құрылтайдың қарауында. Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін, онлайн-платформаны пайдаланушылардың жасын растаудың арнайы қағидалары әзірленеді. Әзірлеу барысында онлайн-платформалардың қолданылып жүрген тетіктері, жасанды интеллект көмегімен сәйкестендіру, қаралатын контент пен пайдаланушының белсенділігі ескеріледі. Бүгінгі таңда онлайн-платформаларда тиісті технологиялық мүмкіндіктер бар, – деп жазылған Үкімет басшысының депутаттарға жіберген жауабында.
16 жасқа дейінгі онлайн-платформаны пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттары уақытша тоқтатылады.
– Нормативтік құқықтық акті Қазақстан Республикасының аумағындағы онлайн-платформалардың өкілдіктерімен бірлесіп талқыланады. Ұсынылатын тәсілдер пайдаланушының жеке деректерінің таралуына жол бермеу негізінде оның жасын растау қағидатына негізделеді. Сол арқылы балалардың цифрлық кеңістіктегі құқығы мен заңды мүддесі қорғалып, кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптасады. Құрылтай депутаттарымен жұмыс топтарында талқылау кезінде тиісті шектеуді нақты іске асыру тетіктері егжей-тегжейлі пысықталады, – деп түсіндірді Үкімет басшысы.
Құрылтай не қарап жатыр?
Биыл ақпан айында Үкімет «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірлеп, Мәжіліске жолдаған. Осы заң жобалары қазір Құрылтайда талқыланып жатыр. Заңда ұсынылған өзгерістер, негізінен, төрт бағытқа бөлінеді. Бұл туралы Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова Facebook-тегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, онлайн-платформаларға Қазақстан аумағында заңды өкілдік ашу міндеттеледі. Бұл олардың уәкілетті мемлекеттік органдармен тікелей жұмыс істеуі үшін қарастырылған. Сонымен бірге құқыққа қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою туралы уәкілетті органның нұсқамасын орындамаған онлайн-платформа өкілдіктері әкімшілік жауапқа тартылады. Екіншіден, 5 мыңнан астам жазылушысы бар онлайн-платформа пайдаланушылары мен жария қоғамдастық модераторлары уәкілетті органда сәйкестендіруден өтеді. Олар өздері туралы мәліметтерді ұсынуға тиіс. Бұл құқыққа қайшы контент тарататын анонимді ресурстардың жауапкершілігін нақтылауға бағытталған. Үшіншіден, былапыт (балағат) сөйлеуге қатысты ӘҚБтК 434-бабын масс-медиа мен онлайн-платформаларға да қолдану ұсынылып отыр. Онлайн ортада адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген жалған мәліметтерді таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылмақ.
Ләззат Қожахметованың айтуынша, 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне шектеу қою ұсынылуда. Бұл ретте мессенджерлерге аталған тыйым қолданылмайды. Онлайн-платформалар пайдаланушылардың жасын верификациялауға қатысты іс-қимыл жасауға міндеттеледі. Верификация тәртібін уәкілетті орган цифрландыру және дербес деректерді қорғау саласындағы органдармен бірлесіп айқындайды. Сондай-ақ Яндекс, Кинопоиск, Netflix секілді сервистерді қамтитын аудиовизуалды платформалар ұғымы заңнамада нақты айқындалады. «Аудиовизуалды платформа», «аудиовизуалды платформа қызметі», «оператор», «онлайн-кинотеатр» сияқты жаңа ұғымдарды енгізу ұсынылған. Аудиовизуалды платформалар арқылы теле және радиоарналарды тарату лицензия негізінде жүзеге асыру міндеттеледі. Заң жобасында ақпаратты жариялау кезінде мемлекеттік органның жауабын арнайы таңбалауды міндеттеу, адамның бейнесін келісімінсіз пайдалануға тыйым салу, онлайн-платформаларда және БАҚ-та білім беру курстарын өткізгенде тренердің тиісті білімі туралы диплом немесе сертификат деректерін көрсету, оккульттік қызметтер (көріпкелдік, астрология болжамдары, емшілік, т. б.) туралы ақпаратқа оның ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағанын және ойын-сауық сипатында екенін көрсету жөніндегі нормалар бар.