Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Қытайда өткен X дүниежүзілік Қытай поэзиясын мәнерлеп оқу байқауында бас жүлде алды.
2026 жылғы 14 қарашада Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы Шанхай университетінде «Он жылдық бірлік – поэзияның мәңгілік үні» атты байқаудың финалдық кезеңі өтті. Халықаралық өнер додасына Қытайдың және шетелдердің жоғары оқу орындарынан келген командалар қатысты.
Байқауда ЕҰУ Қытай филологиясы кафедрасының «Шетел филологиясы: қытай тілі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын Миллат Аяулым, Есенгелді Перизат және Аспандиярова Айғаным университет намысын қорғады. Олар қытайдың классикалық поэзиясын мәнерлеп оқып, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде команда шетелдік қатысушылар арасында бас жүлдені жеңіп алып, Қытай поэзиясы қауымдастығы мен Қытай дәстүрлі поэтика қоғамы тағайындаған құрмет грамотасымен марапатталды.
Байқауды ҚХР Білім министрлігі жанындағы Қытайдың үздік дәстүрлі мәдениетін мұраға қалдыру базасы – Шанхай университетінің қытайдың классикалық поэзиясын мәнерлеп оқу және шығармашылықпен жазу орталығы ұйымдастырған.
Жеңімпаз студенттер мен олардың жетекшілері Гүлжан Ахметбекті ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, Филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы және Қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі Асыл Карипхан арнайы қабылдап, жетістіктерімен құттықтады.