Әзірбайжан Мәмбетов театры IX маусымын Мәскеу қаласына гастрольдік сапардан бастады. Бұл халықаралық «Театральный бульвар» фестивалі аясында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Дәстүр» – қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын дәріптейтін музыкалық спектакль. Қойылымда ұлттық ән-күй, би, айтыс өнері, этнографиялық көріністер мен салт-дәстүрлер заманауи музыкалық және хореографиялық шешімдермен үйлесім табады. Дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған спектакль көрерменді ұлттық мәдениеттің терең болмысымен таныстырып, оның келер ұрпаққа жалғасуының маңызын паш етеді.
Жақында ғана театр ұжымы Мәскеу қаласында жаңа «Дәстүр» этно-шоуын ұсынды. Бұл қойылымды сахналаған – Әли Бидахмет. Қазақ ұлтының құндылықтарын заманауи сахналық шешіммен бейнелейтін музыкалық қойылымға қызыға қараушылар көп болды. Пушкин жағалауында, Горький атындағы саябақта өткен этно-шоуымыз сәтті өтіп, халықаралық көрерменді ұлттық өнеріміздің сұлулығымен таныстырды, – деді Ә.Мәмбетов театрының редакторы Перизат Кәрібаева.