Қазақ халқының тарихында елдің азаттығы мен руханияты үшін қатар қызмет еткен тұлғалар аз емес. Солардың ішінде ерекше орын алатын қайраткерлердің бірі – Марал ишан Құрманұлы. Ол – XIX ғасырдағы қазақ даласындағы ислам дінінің көрнекті ғұламасы, ағартушы, сопылық дәстүрдің ірі өкілі, халықты бірлікке, имандылыққа және азаттыққа үндеген рухани көшбасшы.
Марал ишанның есімі қазақ даласының барлық өңіріне кеңінен таралған. Ел аузында ол көреген әулие, емші, ұстаз әрі ел қамын ойлаған қайраткер ретінде сақталған. Оның өмірі мен қызметі қазақ халқының рухани тарихының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Ұлт руханиятының шамшырағы.
Марал ишан Құрманұлы XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың ортасында өмір сүрген. Ол қазақ қоғамындағы діни-ағартушылық қызметпен қатар елдің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласқан. Ресей империясының отарлау саясаты күшейген кезеңде халықтың рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға күш салды.
Замандастары Марал ишанды тек діни қайраткер емес, әділ би, шешен, көріпкел әрі халықтың қамқоршысы ретінде таныған. Оның айналасына жүздеген шәкірттер жиналып, ислам ілімін үйренді. Ел арасындағы даулы мәселелерді шешіп, адамдарды татулық пен әділетке шақырды.
Исламды насихаттаушы ағартушы. Марал ишанның басты еңбектерінің бірі – қазақ даласында дәстүрлі ислам құндылықтарын орнықтыру болды. Ол халық арасында медреселер ашып, шәкірт тәрбиеледі, араб жазуын, Құран ілімін, хадис, фиқһ және сопылық ілімдерін оқытты. Оның шәкірттері кейін Қазақстанның әр өңірінде ишандық қызмет атқарып, халыққа білім мен тәрбие берді. Марал ишан әулетінен отызға жуық ишанның шығуы – қазақ тарихындағы сирек кездесетін құбылыс. Бұл әулет бірнеше ұрпақ бойы ислам мәдениетін, ұлттық дәстүрді және рухани сабақтастықты сақтап қалуға зор еңбек сіңірді.
Қызылорда, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Торғай өңірлерінде қызмет атқарған Қалқай ишан, Алдажар ишан, Мұхамеджан ишан, Сүлеймен ишан, Әмит ишан, Есей ишан және басқа да ұрпақтары халық арасында үлкен беделге ие болды. Азаттық жолындағы күрескер. Марал ишан қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың рухани көсемдерінің бірі саналады. Ол халықты отарлық езгіге қарсы рухтандырып, елдің тәуелсіздігі үшін күрескен батырларға қолдау көрсетті.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезеңінде Марал ишанның есімі ерекше құрметпен аталады. Оның батасы мен рухани қолдауы ел арасында кеңінен тараған. Сондықтан халық оны «Үш жүздің пірі» деп атаған. Киелі мұралар – тарихтың үнсіз куәгерлері.
Марал ишаннан бүгінгі күнге дейін көптеген тарихи жәдігерлер сақталған. Олар – қазақ халқының рухани мәдениетінің аса құнды ескерткіштері. Олардың қатарында күміс белдігі, былғары белбеуі, тақиясы, шапаны, мисуагы, амияны, сағаты және ұстазы Жалаңаяқ ишаннан мұра болып қалған қасиетті көк аса ерекше орын алады. Сондай-ақ ұрпақтарының қолында Қалқай ишанның екі мөрі сақталған. Бұл мөрлер қазақ даласындағы діни басқару жүйесінің және ишандар институтының нақты тарихи дәлелі болып саналады.
Марал ишан әулетінде сақталған бір сандық қолжазбалар мен көне кітаптардың ғылыми маңызы өте зор. Олардың арасында «Хуласи әл-Кидани», «Мұхтасар әл-уиқая», «әл-Баззазия», «Талфиқ әл-акбар» сияқты ислам әлеміне белгілі еңбектер бар. Бұл кітаптар қазақ даласында ислам ғылымының жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді.
XIX ғасырда салынған Марал ишан мен Қалқай ишан кесенелері қазақтың дәстүрлі сәулет өнерінің бірегей үлгілері болып табылады. Олар Қазақстан мемлекетінің қорғауына алынған тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарына енген.
Соңғы жылдары мемлекет пен жергілікті азаматтардың қолдауымен кешен толық жөндеуден өткізіліп, жол, қонақ үй, шырақшы үйі, ауыз су, газ жүйесі сияқты инфрақұрылымдар жаңартылды. Бұл жұмыстар қасиетті орынның тарихи маңызын арттыра түсті.
Марал ишан мұрасы – бүгінгі ұрпаққа аманат. Бүгінде Марал ишан есімімен Қазақстанның бірнеше өңірінде мешіттер, медреселер, көшелер аталады. Қызылордадағы қарилар даярлайтын медресе, Қармақшы мен Қостанай облыстарындағы мешіттер, Ақмешіт мешітінің Марал ишан атымен аталуы – халықтың бабаға деген құрметінің көрінісі.
Марал ишан Құрманұлы – қазақ халқының рухани тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі. Ол халқына тек діни білім ғана емес, ұлттық рух, адамгершілік, әділет, имандылық пен елдік идеясын аманат етіп қалдырды.
Ұлы тұлғалардың мұрасы – халықтың мәңгілік қазынасы. Марал ишан Құрманұлының рухани мұрасы да қазақ елінің ұлттық жады мен тарихи санасының алтын қорында мәңгі сақтала бермек.
Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Зерттеуші