Құрылтай депутаты Максим Рожин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін тек экологиялық акцияға қатысушыларға арналған үндеу ретінде қабылдауға болмайтынын, бұл барша қазақстандықтарға үндеу екенін жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Мемлекет басшысының басты ойы — «Таза Қазақстан» науқан деңгейінен күнделікті мәдениет пен мемлекеттік стандарт деңгейіне көтерілуі керек.
Жыл басынан бері елімізде 600-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Оларға шамамен 7 миллион азамат қатысты, 130 мың гектардан астам жер тазартылып, 1,3 миллион ағаш отырғызылды. Алайда Президент атап өткендей, қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды. Келесі кезең — қоғамдық сананы сапалы өзгерту.
Маңызды бастамалардың бірі — тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу туралы ұсыныс.
Бұл — мүлдем басқа деңгейдегі тәсіл. Әңгіме тек көшені тазалау туралы емес. Тазалық — қоғамдық кеңістікке, табиғатқа, өз қаламызға деген көзқарас, белгіленген тәртіпті сақтау, жауапкершілік және айналадағы адамдарға құрмет көрсету.
Қалалық ортаны дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Астана тәжірибесін ескере отырып, өңірлерде урбанистика орталықтарының жұмысын жандандыруды тапсырды. Бұл ретте қала ортасын дамытуға қатысты шешімдер қабылданғанда тұрғындардың пікірі мен сұранысы ескерілуі өте маңызды.
Сонымен қатар Құрылтайға тікелей қатысты тапсырмаға ерекше тоқталғым келеді.
Президент Үкіметке Құрылтаймен және белсенді азаматтық қоғаммен бірлесіп, әлеуметтік көмек пен жеңілдіктердің нақты мұқтаж азаматтарға мақсатты түрде берілуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.
Меніңше, бұл өте маңызды бағыт. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз — жеңілдіктердің санының көп болуы ғана емес. Ең бастысы — мемлекет шынымен көмекке мұқтаж азаматтарды дәл анықтап, қажетті қолдауды уақытылы әрі әділ көрсетуі.
Бұл бағытта Құрылтай алдында нақты жұмыс тұр: қолданыстағы әлеуметтік жеңілдіктер жүйесін талдау, оның атаулылығын бағалау, ықтимал заң бұзушылықтарды анықтау және заңнаманы жетілдіру.
Жалпы, Президенттің бүгінгі сөзін бірнеше негізгі қағидаға жинақтауға болады: акциядан — жүйеге, ұраннан — күнделікті тәртіпке, абаттандырудан — өмір сапасына, әлеуметтік қолдаудан — нақты мұқтаж адамға бағытталған көмекке.
Бұл тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» — тек таза көшелер туралы жоба емес. Бұл — мемлекетімізді қандай деңгейде көргіміз келетіні және сол мемлекетте өзімізді қалай ұстауымыз керектігі туралы ортақ түсінік. Ал бұл жауапкершілік тек мемлекеттік органдарға ғана жүктелмейді. Ол әрқайсымыздан басталады, - деді депутат.