Лудомания иірімінен шығар жол бар ма?

Лудомания иірімінен шығар жол бар ма?

Бүгінде лудомания құрбаны болып, түзу жолдан тайып, отбасынан жырақтап қалып жатқандар жетерлік. Бұл – қоғамды ойландырып тұр. ДДҰ деректеріне сәйкес, лудоманияны ресми түрде психикалық ауытқулар тізіміне енгізді. Өйткені әлемдегі 4/1 адам лудомания иіріміне түсуге жақын тұрады екен. Адамдарың 60 %-ы жан қинамай пұл тапқысы келсе, қалған 40 %-ы көп қаржыны сыйдыра алмай, ойынға тігуге әуес көрінеді. Ойлантатын-ақ жағдай!

Бұл жолға бі­реу­лер бір реттік қызық үшін барып шыға алмай қалса, кейбіреулер оңай жерден мол пайда табуды көздеп, құрыққа ілінеді екен. Әлеуметтік бағыттағы мәселелерді зерттеуші психолог Ғайша Әбілдина, лудомания жазылуы қиын психология­лық дерт деп санайды. Психологтың байыптауынша, ойынқұмарлықтың салдарымен емес, алдын алумен айналысу қажет.

– Лудомания – бұл адамның физикалық, психологиялық, қаржылық немесе әлеуметтік әл-ауқатына теріс әсер еткеніне қарамастан, құмар ойындарға құштарлық қай кезеңде де бәсеңдемеген. Одан адам өз-өзін алып шықпаса, басқа ешкім көмектесе алмайтыны айқын. Дегенмен, дерт екен деп адамдарды құрдымда қалдырғанша, қайта қоғамдық ортаға тартып, мейілінше қалыпты тіршілікке бейімдеу керек. Кейбір адам басы тасқа тиіп рационалды түрде қояды. Бірақ мұндай жандар 30-40% деңгейінде ғана. Ал құмар ойынға, картаға, оңай ақшаға бой ұрғандарды қисық жолдан қайтару өте қиын. Сондықтан ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы лудоманияның кереғар жақтарын талдап, түсіндіре беру керек. Сонда қоғамды аталған дерттен барынша сақтауға болады, – дейді психолог.

Ойынқұмарлық дес бермей тұр

Туризм және спорт ми­нистр­лігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ, елде шамамен 440 мыңға дейін адам құмар ойындардың жетегінде жүр. Оның ішінде математикалық модельдеу арқылы нақты ауыр тәуелділікпен лудоманияға шалдыққандар саны шамамен 36 000 адам деп есептелген. Ал 2023-2026 жылдардағы ресми медициналық есепте «динамикалық бақылау» бойынша бұл диагнозбен небәрі 8-9 адам ғана тіркеліпті. Бұл азаматтардың анонимді түрде емделуді қалайтынын және ресми есепке тұрудан қашатынын көрсетеді. Жаңа заңнамалық өзгерістер аясында енгізілген eGov mobile арқылы қазақстандықтар құмар ойыннан өз еркімен бас тарта алады. Кейінгі екі жыл ішінде 457,4 мыңнан астам адам өзін құмар ойындардан 6 айдан 10 жылға дейін шектеу туралы өтініш беріпті.

Бүгінде смартфон, әртүрлі ойын орталықтары арқылы жастар да ойынқұмар болып баражатқаны байқалады. Астана қаласы, Алматы ауданы Полиция басқармасында отбасылық зорлық-зомбылық қарсы күрес бөлімінің инспекторы Ақдидар Нәлібекқызы пікір білдірген еді.

– Құқық қорғау органдары саласында еңбек еткендіктен түрлі жағдайларды көреміз. Әсіресе, жасөспірімдер мен кәмілетке толмағандармен жұмыс істегенде көп нәрсеге көз жетті. Сонда жас жеткіншектер көбінесе түнгі беймезгіл уақытта жүріп, ойын­халарға бас сұғып, ком­пь­ю­терлік клубтарға барып түрлі ойындар ойнап, зиянды әдеттерге әуестеніп, арандап та қалып жатады. Жауапқа тартылатындардың кейбірі толық емес отбасыларда, ата-анасының бақылауынсыз қалғандар болып шығады. Яғни, әлеуметтік желіге байланып, ғаламтор арқылы әртүрлі ойын платформаларына кіріп, ақыр соңында өзі қалай байланып қалғанын білмей қалады. Сондықтан зиянды әдеттерден барынша аулақ болған жөн, – дейді тәртіп сақшысы.

Нақтылап өтсек, Қазақстанда лудоманияға қарсы Заң екі жыл бұрын қабылданды. Негізгі өзгеріс, 21 жасқа толмағандарға құмар ойын ойнауға тыйым салынды. Қазақстандықтар бәс тігуге онлайн түрде өз-өзіне шектеу қоя алады. Туыстары мен дос­тарының атынан арыз қабылданбайды. Шектеу мерзімі – 10 жыл. Оны мерзімінен бұрын тоқтата алмайды. Бұған дейін талай ұтыс ойындарына қатысып, әбден қарызданғандар енді букмекерлік кеңселерге, казиноларға кіргізілмейді. Мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым басшыларына да бәс тігуге қатаң тыйым салынды. Тағы бір өзгеріс – енді ел аумағында лицензиясы жоқ букмекерлік кеңселер мен онлайн-казинолардың интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Ал онлайн-казино ұйымдас­тырушылар қылмыстық жауапқа тартылады.

Қоғам болып күреспей, іс өнбейді

Қазіргі таңда жұрттың көбі білетін екі ойынхана Қонаев пен Щучинск қаларында орналасқан. Бұл қалаларда ойын бизнесіне арнайы рұқсат етілген. Бірақ жұрттың мазасын алып, қоғамдық тәртіпті бұзуға болмайды. Ал Астана, Алматы, Шымкент сияқты бетке ұстар қалаларда ойын бизнесіне шектеу қойылған.

Мемлекеттік органдардың киберкеңістікті тазалау бойынша ресми есебі, 2023 жылы – 8 020 заңсыз сайт пен онлайн-платформа бұғатталды. 2024 жылы – 20 834 заңсыз сайт жұмысы тоқтатылды.  Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 2,5 есе өскен. 2025 жылы – 75 581 заңсыз сайт анықталып, бұғатталды. Яки, өткен жылмен салыстарғанда 3,5 есе заңсыз ойын бизнесі көбейген. Құмар ойынға елітетіндермен күрес қашан да тоқтамақ емес. Бірақ, бір басын шапсаң, екінші басы өсіп шығатын айдаһардай, заңсыз ойынханалар түгесілетін түрі жоқ. Ғаламторда нешетүрлі ойынның жарнасы самсап тұр. Мұның қайсысы заңды немесе заңсыз ойын екенін ажыратып жату оңайға соқпайды.

Белгілі қаржы сарапшысы, экономика магистрі Бексұлтан Ысқақов адам тоқтықтан да, аштықтан да құмар ойынға ілігетінін айтады. Оның пайы­мынша, бұл нәрсені қатаң түрде шектемесе, мемлекетің өркендеу жолын жабады.

– Хакім Абай, «қарны тоқ­тық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» деп ұлағатты ой қалдырыпты. Расында, бүгінде адамдар аштықтан да, тоқшылықтан да құмар ойынға елігетін болды. Әйтпесе, қалталы азаматтар, елдің алдында жүрген өнер адамдары, тұлғалар қайдан ғана шатылды?! Демек, тек ақша жетпей, тұрмыс қысқандықтан барады деп қана топшылауға болмайды. Ойынханаларға кіріп, өз тілдерінде айтқанда «ставка тігіп» ұта бастайды да, кейін ұтылады. Сөйтіп, қолындағы қаржысын, көлігін, үйін тігіп, бәрінен айрылады. Интернет ресурстарындағы ашықтан-ашық жарнамаланып жатқан құмар ойынға тыйым салынбай, тоқтамайды. Мұны талай мәрте айтып та, жазып та жүр, десе де түткіл тарқар емес-ті. Футболға ақша салу, ойын құралдарына тігу, тіпті құс ұшырып, тазы жүгіртсе де бәс тігу бүгінгінің сәніне айналғандай. Десе де, ойынқұмарлықты Астана, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистерде кең етек алдырмау керек. Себебі, бұл қалалар шетелдік туристерге теріс жағынан көрініп қалмауы тиіс. Әсіресе, елордамыз таза әрі мәдениет ошағы саналып, өзге өңірлерге үлгі болғаны жөн. Жалпы ойынқұмарлық мемлекеттің ғана күресетін шаруасы емес, адамзаттың қарсы тұрар дерті дер едік, – деп түйді экономист.

Тоқетері, цифрлық дәуір дамыған сайын, адамның ойын әрнәрсе арбап, санасын жеңіл дүние улап барады. Лудоманиямен ауырған адам, оның иірімінен шығу үшін көп әбігерге түсері хақ. Ең негізгісі ұлт саулығы, саналы ұрпақ қалыптасуы үшін елді зиянды әдеттің барлық түрінен сақтандыру өте өзекті болып тұр. Сондықтан, әлемдік дерт деңгейіне әлдеқашан көтерілген ойынқұмарлықты тежемесе, ұлт түгілі адамзатты ұйыққа батыратын түрі бар. Оның бетін әрі қылғай!