Әр ел өзінің ұрпағының тәрбиесіне ден қояды. Өйткені баланың бақытты болашағы, қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Сондықтан тал бесікті түзеу парыз болып тұр. Елордамен тағдырын байланыстырып тұрып жатқан адам көп. Яки, халық нөпірі көп болған жерде, бала туу саны да артатыны анық. Демек, бала күтімін жасайтын бөбекжайларға сұраныс та жыл сайын артып барады деген сөз.
Астана қаласы әкімдігі сайтында жарияланған деректер бойынша, қалада 697 балабақша жұмыс істейді. Онда 66 795 бала тәрбиеленеді. Соның ішінде, 99 мемлекеттік балабақшада – 30 192 бала, 595 жекеменшікте – 35 771 бала және 3 ведомстволықта – 832 бала. Былтырдан бастап Астана қаласында мемлекеттік білім беру тапсырысын балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру әдісімен сынақтан өткізу қанатқақты жобасы іске қосылды. Ваучерлер енгізілген сәттен бастап 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту 88,4%-дан 97,3%-ға дейін өсіпті. Бұл балабақшалардағы кезекті 50 мыңнан 20 мың балаға дейін қысқартуға мүмкіндік беріпті. Ал 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100% көрінеді. Қазіргі уақытта «INDIGO» ақпараттық порталында 0-6 жас аралығындағы 21 374 бала жалпы кезекте тіркеліпті.
Балабақша кезегі туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева айтқан еді.
– Егер ата-ана бір күн ішінде жауап бермесе, оның өтініші күту тізімінен алынып, хабарлама келесі кезектегі өтініш иесіне жолданады. Өтініш белсенді болса, барлық хабарлама ED24.kz мобильді қосымшасына және «INDIGO – электронды балабақша» жүйесіндегі жеке кабинетке түседі. Ваучер кезекте бірінші тұрған өтініш иесіне ұсынылады. Хабарлама алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ваучерді пайдалануға келісім беру немесе одан бас тарту қажет. Егер ата-ана бас тартса, кезегі жойылады. Ал белгіленген мерзімде жауап берілмесе, өтініш белсенді емес күйге ауысып, 28 күн бойы ваучер алу үдерісіне қатыстырылмайды, – деген болатын Маржангүл Қайырбаева.
Жаңа жүйе бойынша, Білім басқармасы да, мектепке дейінгі ұйымдар да ваучер беру кезегіне ықпал ете алмайтын көрінеді. Сол себепті де, ата-аналар кезек тәртібін сақтап, жүйеден келетін хабарламаларды уақытында бақылап отырғаны жөн екен. Осымен барлық мәселе шешілді деп, тоқмейілсінуге әлі ерте сияқты. Себебі баласын балабақшаға орналастырмақ түгілі, тіркей алмай, жекеменшік балабақшаға беруге қаржысы жетпей, сарсаңға түсіп жүрген ата-аналар қарасы көп сияқты.
– Өткен жылы елордада 21 мыңыншы болып баламызды ваучер арқылы балабақша кезегіне қойғанбыз. Биыл 6 мыңыншы кезекке жылжыпты. Жолдасым 2-3 жұмысты қатар атқарады. Екі баламыз бар. Мен балаларыма қарап, үй-шаруасында отырмын. Өзім үйреніп, екінші баламды 19 мыңыншы етіп, балабақшаға кезекке қойдым. Үйдің маңындағы жеке балабақшамен сөйлестім, бір балаға айына ең арзаны 70-80 мың теңге екен. Егер келер жылы 2 баламызды қатар балабақшаға берсек, тағы да басқа үйірмелері, жол шығынын қосқанда айына орта есеппен 150-200 мың теңге қаражат керек боп тұр ғой. Өзім жас маман ретінде алғаш рет тәжірибесіз мектепке жұмысқа орналассам, бастапқыда небәрі 250-270 мың төңірегінде жалақы алады екенмін. Оның сыртында біздің отбасылық шығындарымыз пәтер ақымыз, ас-ауқат, кредит төлеуге ақшамыз қалмайын деп тұр ғой. Келешекте ипотекамен үй алуды да көздейміз. Ал айына 20-25 мың теңге төңірегіндегі мемлекеттік балабақшаға берейік десек, оның жыры тіпті көп сияқты. Жалпы, мемлекет балабақша мәселесін оңтайландырып, жаңадан бөбекжайларды көптеп салса, құба-құп болар еді, – деді Астана қаласының тұрғыны Бағжан Әлібекова.
Астана қаласында балабақшалардағы орын тапшылығын шешу мақсатында 2029 жылға дейін 14 000 орындық 60 балабақша салу жоспарланып тұр. Демек, балабақша мәселесі жолға қойылмақ. Ал бұл мәселе түбегейлі шешілсе, біраз түткіл тарқамақ.
Сонымен қатар, көпбалалы ана «Алтын алқа» иегері Ақжан Айбарова балабақша мәселесіне байланысты басынан өткен оқиғаны әңгімелеп берді.
– Астанаға Шымкенттен қоныс аудардық. Оған да 7-8 жыл болып қалды. Бүгінде балаларымның алды мектеп бітіріп студент атанды. Мектеп жасына дейінгі 3 баламды мемлекеттік балабақшаға орналастырғым келді. Сөйтіп туу туралы куәліктен бастап, «Алтын алқа» иегері деген құжат, ақыр соңы екпе салдыруға байланысты ақпараттың бәрін өткіздім. Қағазбастылықтың көптігінен маңдай терімді сығып жүріп, әрең дегенде мемлекеттік балабақшаға орналастырдым. Күйеуім – шопыр. Алпауыт шаһарда екі жақтамасақ, 7 бала-шағаны керек-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін емес қой. Бір таңғалғаным, цифровизацияға көшіп жатырмыз дейміз. Ендеше біздің деректер, осындайда eGov.kz порталында неге сұратқан органға қолжетімді болып тұрмайды? Міне, осыған таңқалдым! Бізді қойшы, сонда 2-3 баласы бар жас отбасылар қалай балабақша мәселесін шешпек? Сондықтан жеке емес, мемлекеттік балабақшаны көптеп көбейту қажет деген игі тілегіміз бар, – деді көпбалалы ана.
Президент тапсырмасына сәйкес, биыл Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын бекітті. Онда 2027 жылға дейін 300 мың жаңа орын ашу міндеті көзделген. Жыл басындағы Үкімет отырысында да, Оқу-ағарту министрі Ж.Сүлейменова осыған дейінгі 677 балабақшаның ашылуы 65 мың баланың мектепке дейінгі білімге қолжетімділігін арттырғанын да айтқан еді.
Кезек мәселесі шешіліп, ай сайынғы төлем ата-аналардың қалтасын қақпаса, мемлекеттік балабақшалар көптеп салынса, нұр үстіне нұр болар еді.