Ғасырлардан тамыр тартатын достық

Ғасырлардан тамыр тартатын достық
фото: Aqorda

Ақордада Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мәртебелі мейманның құрметіне резиденция алдында еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Тәжікстанның Мемлекеттік туларын желбіретіп ұшты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын орындады. Содан кейін президенттер келіссөз жүргізді.

серіктес әрі одақтас

Мемлекет басшысы Тәжік­стан көшбасшысына ілтипат білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті.

«Біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серік­тестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз» деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағытта оң динамика көрсетіп келе жатқан қазақ-тәжік қарым-­қатынасының даму деңгейін жоғары бағалады.

«Қабылданған іс-шаралардың арқасында тасымалданатын тауар түрлері көбейіп, түрлі өнім көлемі артты. Теміржолмен жеткізілетін экспорт-импорт жүгі де ұлғайып келеді. Бұл ретте елдеріміздің жыл сайынғы тауар айналымы тұрақты түрде 1 миллиард доллардан асады. Осының есебінен Қазақстан ұдайы Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне еніп отыр» деді Мемлекет басшысы.

Тәжікстан Президенті екі елдің ынтымақтастығы барлық салада қарқынды ілгерілеп келе жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Тәжікстанның алдыңғы қатарлы сауда және экономикалық серіктестерінің санатына кіреді.

«Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымының көлемі 1 миллиард доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 26 пайызға жоғары. Инвестициялық ықпалдастық дәйекті түрде дамып келеді. Бүгінде Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда тәжік тарапының 580-нен астам кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың 500-і толығымен тәжік капиталының қатысуы арқылы еңбек етеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш» деді Эмомали Рахмон.

Келіссөз барысында сауда-­экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне назар аударылды. Келіссөз қорытындысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Эмомали Рахмон Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Мемлекеттер басшыларының қатысуымен екі елдің ресми делегация мүшелері үкімет­аралық және ведомствоаралық құжаттар алмасты.

Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімнің мәні терең әрі символикалық тұрғыдан ерекше екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазақ пен тәжік халықтарын ғасырлардан тамыр тартатын достық, рухани үндестік және ортақ тарихи тағдыр байланыстырады.

«Біздің өңіріміз әлемге көрнекті ойшылдар, ғалымдар, шайырлар мен ағартушылардың тұтас шоғырын сыйлады. Олардың мұрасы жекелеген елдер мен халықтардың ауқымынан асып, кең таралды. Ислам қайта өрлеу дәуірінің ең көрнекті тұлғаларының бірі – Қожа Ахмет Ясауи. Қазақ халқы ұлы ғұлама әрі ағартушы есімін ертеден ерекше қастер тұтады, киелі санайды. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – бүкіл өркениетке және ғасырлар бойы ортақ рухани дәстүрлері қалыптасқан Орталық Азия халықтарына тиесілі қазына» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың ілімі адамгершілік, әділет, мейірім және гуманизм идеяларына тұнып тұрғанын атап өтті.

«Бұл ілім шын мәнінде дүниетанымымызды, болмысымызды, өмір салтымызды қалыптас­тыр­ды, жүздеген жылдар бойы адам­дарды біріктіріп, олардың жақсылық пен жасампаздыққа деген сенімін арттырды. Ясауи танымы заманынан озық еді. Сондықтан бүгінге дейін ғибрат­ты ғұмыр жолын нұсқайтын өзіндік бір рухани-адамгершілік бағдар қызметін атқарып келеді. Өзіңізге мәлім, құрметті Эмомали Шарипович, қолға алған реформалардың нәтижесінде қоғамымыз жан-жақты жаңғыруда. Жаңа қоғамдық этика қалыптастыру осы сан алуан жұмыстың ішінде ерекше орын алады. Қожа Ахмет Ясауи дәріптеген биік адамгершілік мұраттар, сондай-ақ әділет, еңбекқорлық, тазалық, патриотизм қағидаттары елімізде қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналды. Ясауи мұрасына айрықша мән бере отырып, биыл ұлы ойшыл, ғұлама, ағартушы тұлғаның құрметіне жаңа мемлекеттік марапат белгілеуді ұсындым» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның есімі қазіргі Тәжікстан тарихында ерекше орын алатынына тоқталды.

«Сізге күрделі, тіпті тағдыр­шешті деуге болатын кезеңде елге жетекшілік жасау және Тәжікстанды бейбітшілік, бірлік пен жасампаз даму жолына бастау сынды зор тарихи жауапкершілік жүктелді. Тегеурінді әрі парасатты басшылығыңызбен Тәжікстан өзінің мемлекеттілігі мен қоғамдық келісімді нығайтып, қарқынды өркендеу жолына бет алды. Сондықтан тәжік халқы Сіздің Отан алдындағы тарихи еңбегіңізді бағалап, Ұлт көшбасшысы деп атайды. Қазақстан жұртшылығы да Сізді өз халқына және күллі Орталық Азия елдеріне өлшеу­сіз еңбек сіңірген мемлекет қайраткері санайды. Сіз рухани негіздерімізді нығайтуға, тарихи жадыны және ұлттық мәдени мұраны сақтауға ұдайы көңіл бөліп келесіз. Тәжік халқының тарихы мен мәдениетін, көрнекті ойшылдар мен шайырлардың шығармаларын насихаттау жөніндегі бастамаларыңыз зор құрметке лайық» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонның Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сан қырлы байланыс­тарды тереңдетуде айрықша рөл атқарғанына назар аударды.

«Орталық Азияның тұ­рақ­тылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесіңіз өлшеусіз. Баршаға мәлім беделіңіз, бай мемлекеттік тәжірибеңіз және бейбітшілік пен ынтымақтастық идеясына деген берік ұстанымыңыз біздің аймақтағы өзара түсіністік пен сенімді бекітуге септігін тигізді. Рухани-мәдени құндылықтарды сақтауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесіңізді ескере отырып, Сізді, құрметті Эмомали Шарипович, Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жоғары награда – Қазақстан халқының Сізге және бауырлас тәжік еліне көрсеткен шынайы құрметінің белгісі. Осы рәсім елдеріміздің мызғымас достығының тағы бір жарқын нышанына айналады деп сенемін. Құрметті Эмомали Шарипович, Сізге сарқылмас күш-қуат, жауапты қызметіңізге толайым табыс тілеймін, бауырлас тәжік халқы Сіздің басшылығыңызбен бейбіт өмір сүріп, өркендей берсін!» деді Қазақстан Президенті.

Тәжікстан Президенті Қазақстан Республикасының жо­ғары мемлекеттік наградасын тапсырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Ықпалдастықтың негізгі басымдықтары қайсы?

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-тәжік қарым-қатынасының дамуына Эмомали Рахмонның қосқан үлесін айрықша атап өтті.

«Бұл жолғы сапардың символдық мәні терең, өйткені екі ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Егемен ел болғалы Қазақстан да, Тәжікстан да табысқа толы үлкен жолды еңсерді. Тәжікстан Сіздің беделді басшылығыңызбен мемлекеттілік тұғырын нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық дамуда орасан жетістіктерге қол жеткізді, халықаралық аренада абыройын арттырды. Сіздің еліңіз Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі Тәжікстанның барлық табысын Сіздің есіміңізбен және халықтың қолдауына арқа сүйеген парасатты әрі жасампаз саясатыңызбен байланыстырады. Қазақстан қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде күшті әрі өркендеген мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарыңызға зор құрметпен қарайды» деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан мен Тәжікстан арасында қандай да бір шешілмеген немесе түйіні тарқамайтын мәселе жоқ екеніне, керісінше өзара ынтымақтастық ілгерілеп келе жатқанына назар аударды. Қазақстан Президентінің айтуынша, келіссөздер жемісті өтіп, қос тарап сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.

«Біз сенім мен өзара құрмет сипатында өрбіген әңгіме барысында көптеген мәселені талқылап, мемлекетаралық ықпалдастықтың негізгі басымдықтарын айқындадық. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мән берілді. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымы 2 миллиард долларлық межеге таяп қалды. Нәтижесінде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне енеді. Қадірлі Эмомали Шариповичпен өзара алыс-берісті жандандыратын қажетті шаралар қабылдауға келістік. Осы мақсатқа жетуді көздейтін 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданды. Екі ел үкіметтеріне аталған міндетті сапалы орындау жүктелді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент аграрлық сектор, көлік-транзит саласындағы, IT-сектордағы серіктестікті жандандырудың маңызына тоқталды.

«Былтыр елдеріміз арасындағы авто және теміржолмен жүк транзиті көлемі сәйкесінше 8 және 15 пайызға ұлғайып, шамамен 7 миллион тоннаны құрады. Тасымалдаушыларға жасалған жағдай биыл да оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді. Көлікті цифрландыру мәселесіне баса назар аудару жөнінде уағдаластық. Бұл жүкті іркіліссіз жеткізуді қамтамасыз етеді» деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы атап өткендей, екі елдің IT-сектордағы ынтымақтастығы мол мүмкіндікке жол ашады. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымы бір екенін айтты. Қазақстан мен Тәжікстан көпжақты алаңдарда ортақ мүддені бірлесе ілгерілетуге әзір.

«Келіссөз барысында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше ден қойдық. Өңірдің орнықты дамуы – бауырлас халықтардың түпкілікті мүддесіне сай келетін ортақ мақсат. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде Тәжікстанның ұсынылуын қуана қабыл алды. Біз Тәжікстанның кандидатурасын қолдаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқаны, сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда – Qoja Ahmet Yasaui орденіне лайық көргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

«Тәжік-қазақ қарым-қатынасын өркендетуге қосқан аздаған үлесіме берілген осы жоғары баға менің ғана емес, халқымның еңбегіне көрсетілген сый-құрмет деп санаймын. Бауырлас Қазақстанға әр сапарым жарқын сәттерімен есте қалады. Достас қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстары және халықаралық аренада абырой-беделінің асқақтауы қуантады. Біз өркендеу мен гүлдену жолындағы Қазақстанның үйлесімді дамуына негіз қалайтын кейінгі жылдардағы реформаларды жоғары бағалаймыз. Келіссөз конструктивті саяси диалог, өзара сенім мен түсіністік сипатында өрбіді. Екіжақты күн тәртібіндегі көптеген мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Келіссөз қорытындысы бо­йынша қабылданған бірлескен мәлімдеме ынтымақтастығымыз­ды одан әрі дамытудың басты бағыттарын айқындады» деді Эмомали Рахмон.

Елшіліктің жаңа ғимаратын ашты

Қазақстан мен Тәжікстан ­президенттері Астана қаласындағы Анатолий Храпатый көшесінде орналасқан Тәжікстан елшілігі жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатыс­ты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон рәсімдік лентаны қиды. Содан соң Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындады. Мемлекеттер басшыларына Тәжікстан елшілігінің ғимараты туралы ақпарат беретін бейнеролик көрсетілді. Содан кейін олар дипломатиялық миссияның жаңа ғимаратын аралап көрді. Қазақстан Президенті Құрметті қонақтар кітабына ізгі тілегін жазды. Екі елдің көшбасшылары Елшілік аумағына ағаш көшетін екті.