Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңа Конституцияны насихаттау, оның негізгі ережелерін және ғылыми-техникалық сала үшін маңызын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға заңгер ғалымдар, жоғары оқу орындарының профессорлары, қоғам қайраткерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынды заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимов жүргізді. Университеттің әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы Конституцияның мемлекет негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін басты құжат екенін атай келіп, жаңа Конституцияның негізгі ережелерін кеңінен түсіндіру, оның қоғам өміріндегі рөлін насихаттау, әсіресе жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен азаматтық жауапкершілігін арттыру бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ Конституцияны құрметтеу ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі екенін айрықша атап өтті.

Дөңгелек үстелде заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы аясындағы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелерін баяндады. Саяси ғылымдарының докторы, профессор Наталья Павловна Калашникова Конституцияның ғылым мен білім беру жүйесін дамытудағы рөліне назар аударды.
Сондай-ақ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова конституциялық жаңару жағдайындағы қоғамдық келісім мен азаматтардың қатысуы мәселесін көтерсе, Республикалық медиация кеңесінің және Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов әділетті Қазақстан құрудағы диалог мәдениеті мен қоғамдық келісімнің конституциялық негіздері туралы баяндама жасады.
Іс- шара барысында қатысушылар Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді нығайту және ғылым-білім саласын дамытудағы маңызы жөнінде пікір алмасты.