(Күлкінің көмбесі)
Ерекше фототілші еді. Егде тартқан шағында көрдік. Сондай бір жайсаң ағамыз болды. Өзі батыс жақтың адамы. Аты-жөні – Рысқали Дүйсенғалиев.
Редакцияға, редакция болғанда біздің жастар басылымының кеңсесіне сөйлей кіреді. Сөйлегені былай тұрсын, өзімен бірге бір қап күлкіні ала келеді. Ал енді бар ғой, күлкісі жер жарады. Екі иығы селкілдеп, оған қоса бүкіл денесі бүлкілдеп, қарқылдап тұрып күлгенде «Лениншіл жастың» комсомолдың құлағындай жұқа қабырғалары дірілдеп кетеді. Бірақ лезде езуін жия қойып, қабағын түйе қалатыны тағы бар. Жалпы, өзі жас күнінен шытыр жегендей қызба болған деседі. Әйтеуір, бір бойында сан түрлі мінез тоғысқан.
Әңгіме тиегін ағытып жіберсе, жуық арада тоқтамайды. Бірде «Дәуірнама» деген бағдарламаны жүргізетін Бейбіт Құсанбек тікелей эфирде сұхбат алды. «Аға, ана жолы Атырау жаққа барғанда көптен көрмеген бір апаңызды тауып қайтыпсыз ғой» – деп алғашқы сұрағын қойғаны сол еді, Рекең: «Әй, бала, тоқта, сен апаңды қайтесің? Одан да мен алдымен ағамды қалай тауып алғанымды айтайын», – деп ытырынып алып, көсіле жөнелді. Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр... Тіпті Бейбітке келесі сұрақты қою үшін сығалайтын саңылау қалдырмады. Хабарға бөлінген отыз минут әп-сәтте өте шықты. Күлкіден әбден ішегі түйілген режиссер мерзімі біткен эфирді бірден үзді де тастады. Ал Рысқали көкем студиядан шығар емес. Алғашқы сауалға жауабын әлі айтып жатыр, айтып жатыр... Атырауға арнайы іздеп барған ағасының таяу арада табылатын түрі жоқ...
Өмірі тастамайтын көнетөз қалпағын шешсе болды, қалпақ астынан доп-домалақ қазандай басты көресің. Жап-жалтыр бастың шаш түгілі қылтанақ ұялайтын жері жоқ.
Сонымен Рекең редакциямызға басқаны емес, жан досы Жандосойды іздеп келеді. Жандосой дегеніміз – өмірінің соңғы жылдарында оқырманға осындай лақап атпен танылған «ЛЖ»-ның әйгілі суретші-ретушері Бағдат Момбеков. Қарт фототілшінің секретариатқа тастап кеткен суреттері күн құрғатпай газетке басылып жатады.
«Әй, Рыскүл, бері кел!», – деп саусағымен іліп тартып шақырып алады біздің қиқар шал. Сосын қос қария ұзын-сонар әңгімеге кіріседі. Қазір екеуі де арамызда жоқ. Әсіресе, мол мұрасының қайда қалғаны белгісіз Рысқали көкем ұмытылып кеткендей көрінетін. Баршаға белгілі бейнесі де санамызда көмескілене бастағандай еді.
Жо-жоқ, көмескіленбепті. Елгезек фототілші Шүкір Шахай егде әріптесін дер кезінде тарихқа таңбалап үлгеріпті. Қандай қылып таңбалаған десеңші?! Отырысын қарасайшы... Бүтіндей бір дәуірдің сипаты көрініп-ақ тұрған жоқ па, а?
Бауыржан ОМАРҰЛЫ