Колледждің жеті жігіті

Колледждің жеті жігіті

Елордада бір топта фельдшер мамандығында білім алған колледж­дің жеті түлегі әскерге бірге аттанды. Қазір олар ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде жас сарбаз курсынан өтіп, әскери ант қабылдауға дайындалып жатыр.

Жеті достың әскерге бірге баруына қатардағы Кәдіржан Байтенов бастамашы болыпты. Ол алғашқылардың бірі болып әскери басқару органына барып, медициналық комиссиядан өткен. Кейін бұл ойын бірге оқыған достарына айтып, олар да әскери қызметке баруға шешім қабылдаған. Сол кезде Шымкентте жүрген Думан Қорғанбаев та достарының бастамасын қолдап, олардың әскерге жиналып жатқанын ести салысымен Астанаға билет алып, сол күні әскери басқару органына келген. Осылайша, колледжде бір топта білім алған жеті жігіттің басы қайта қосылды. Бірақ бұл жолы студенттік аудиторияда емес, әскери киіммен сапқа тұрды.

Қазір жас ұландықтар әскери күн тәртібіне бейімделіп, саптық даярлықтан өтіп, әскери істің негіздерін меңгеріп жатыр. Сарбаздардың сөзінше, Отан алдындағы борышты бұрыннан таныс достармен бірге өтеу оларға жаңа ортаға бейім­делуді жеңілдеткен.

– Біз бір-бірімізді бұрыннан жақсы білеміз. Сондықтан мұнда өзімізді сенімдірек сезінеміз. Қандай жағдай болмасын, бір-бірімізден көмек сұрай аламыз. Бірге қызмет етудің өз қызығы бар. Күнделікті сәттерді де, әскери өмірдің алғашқы қиындықтарын да бірге өткеріп жатырмыз. Енді бір-бірімізге қолдау көрсете аламыз, – деді қатардағы ­жауынгер Алмас Болысбек.

Жас сарбаздардың Ұлттық ұланды таңдауына әскердегі заманауи технологиялар да әсер еткен көрінеді. Олардың қызығушылығын құқықтық тәртіп әскерлеріндегі цифр­ландыру, интеллектуалды бейнебақылау жүйелері мен тамақтандыру саласындағы жаңа шешімдер аударған.

Алда жеті досты бірне­ше айлық әскери қызмет күтіп тұр. Жауынгерлік даяр­лықтан кейін олар Алматыда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқарады.

Сарбаздардың кейбірі әскери қызмет аяқталғаннан кейін де мамандығын Ұлттық ұланмен байланыстыруды жоспарлап отырған көрінеді. Бірнеше ұландық әскери-медициналық басқармада қыз­мет етіп, колледжде алған фельдшерлік білімін әскери медицинада пайдалануға ­ниетті.