Елордадағы Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы Жоғары көлік және коммуникация колледж студенттеріне өндірістік экскурсия ұйымдастырды. Бұл Дуалды оқыту жүйесін дамыту аясында өткізіліп отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Колледж студенттері «STALBAU» ЖШС кәсіпорынының қызметімен, өндірістік үдерістермен және жұмыс жағдайларымен танысып, алған кәсіби білімдерінің өндірісте қалай қолданылатынын көрді.

Айта кету керек, «STALBAU» ЖШС – Астана қаласының машина жасау саласындағы өкілдерінің бірі. Компания коммуналдық, жол және арнайы техникаларды өндірумен және жеткізумен айналысады. Нарықта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өзінің өндірістік базасын дамытып, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуде.

- Кәсіпорын өндірісінде IVECO шассилері, Aebi Schmidt/Schmidt жабдықтары қолданылады. Сонымен қатар компания өзіне тиесілі арнайы қондырмаларды әзірлеп, өндіреді. Өндірістік базасы мен сервистік қызмет көрсету жүйесінің болуы тұтынушыларға арнайы техникалар сегментінде кешенді ұсыныстар жасауға және кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді, -деді Индустриялық аймақтарды әкімшілендіру департаментінің директоры Алмат Алимбай.

Мамандар сөз арасында Astana Invest, Жоғары көлік және коммуникация колледжі және кәсіпорындар арасында дуалды оқытуды дамытуға бағытталған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын айтты.

– Колледжімізде дуалды оқыту жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 2–4 курстарда білім алып жатқан 573 студентіміз дуалды оқыту жүйесіне қамтылған. Бұл бағыттағы маңызды серіктестеріміздің бірі – Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы.

Astana Invest-тің қолдауымен колледжіміз бен бірқатар жетекші кәсіпорындар арасында үшжақты ынтымақтастық орнатылып, меморандумдарға қол қойылды. Осы байланыстың арқасында студенттеріміз теориялық білімдерін нақты өндірістік ортада тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алып отыр.
Біз үшін Astana Invest – кәсіпорын – колледж арасындағы үшжақты әріптестіктің маңызы ерекше. Өйткені мұнда үш тараптың да мүддесі ортақ мақсатқа – еңбек нарығына қажетті білікті әрі бәсекеге қабілетті маман даярлауға бағытталған, -деді Астана қаласы әкімдігінің "Жоғары көлік және коммуникация колледжі" директорының орынбасары Ұланбек Бақытұлы.
Дуалды оқыту, ең алдымен, студентке үлкен мүмкіндік береді. Білім алушы кәсіпорында тәжірибеден өту арқылы болашақ мамандығының қыр-сырын меңгереді, кәсіби дағдыларын қалыптастырады, еңбек ортасына бейімделеді. Өзін жақсы жағынан көрсете білген студенттер оқуын аяқтағаннан кейін сол кәсіпорындарға жұмысқа шақырылады. Сондықтан дуалды оқыту жүйесі кәсіпорындар үшін де тиімді болып отыр. Себебі, жұмыс беруші болашақ маманның кәсіби қалыптасуына студент кезінен бастап, оны өндірістің нақты талаптарына бейімдей алады. Нәтижесінде кәсіпорынға жұмыс үдерісімен таныс, тәжірибесі қалыптасқан жас мамандар келеді. Бұл кадр тапшылығын азайтуға да ықпал етеді.
- Сондықтан біз Astana Invest – кәсіпорын – колледж арасындағы үшжақты ынтымақтастықты білім мен өндірісті байланыстыратын маңызды серіктестік деп бағалаймыз. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде студент сапалы білім мен тәжірибе алады, кәсіпорын білікті кадр даярлауға қатысады, ал колледж еңбек нарығының нақты талаптарына сай маман даярлау мүмкіндігін арттырады, -дейді Астана қаласы әкімдігінің "Жоғары көлік және коммуникация колледжі" директорының орынбасары Ұланбек Бақытұлы.