Астана қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы №57 жалпы орта білім беретін мектепте балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған «Мың бала» жобасының тұсаукесері өтті.

Жобаның басты мақсаты – әр баланың бойындағы қабілет пен талантты ашуға, өз мүмкіндігін көрсетуіне және шығармашылық әлеуетін дамытуына жол ашу. «Мың бала» бастамасы аясында оқушылар түрлі бағытта өздерін сынап көріп, жаңа қырынан танылуға, бойындағы сенімділікті арттыруға және көпшілік алдында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.

«Мың бала – әр баланың бойындағы қабілет пен талантты ашуға, өз мүмкіндігін көрсетуге және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған ерекше жоба. Басты мақсатымыз – 1000 балаға мың мүмкіндік сыйлау! Себебі әр баланың бойында ашылмаған бір қабілет, жүзеге аспаған бір арман, көрсетуге мүмкіндік таппаған бір талант бар. Алайда барлық бала өз қабілетін танытуға бірдей мүмкіндік ала бермейді. Жоба дәл осындай балаларға жол ашуды көздейді», – деді Ғабит Сүндетов.
Жоба аясындағы іс-шаралар елорданың 20 мектебінде ұйымдастырылады. Әр білім ордасында мұғалімдер оқушыларға өздерінің тың идеялары мен авторлық бастамаларын таныстырып, тәрбиелік әрі танымдық бағыттағы жұмыстар жүргізеді. Мәселен, №57 мектепте өткен алғашқы таныстырылым барысында жасанды интеллект, «Кітап оқитын ұлт», «Таза Қазақстан» секілді маңызды бастамаларға арналған презентациялар ұсынылды.

Оқушыларға білім мен ғылымның маңызы, қоршаған ортаны қорғау, кітап оқудың пайдасы және заманауи технологияларды меңгерудің қажеттілігі жөнінде тағылымды ойлар айтылды. Сонымен қатар жобаның негізгі бағыттарының бірі – балалардың бойындағы жасырын талантты байқап, оны дамытуға қолдау көрсету. Осылайша, аталған жоба балалардың өзіне деген сенімін нығайтып қана қоймай, олардың жаңа бастамаларға қадам басуына, қабілетін шыңдауына және болашақта өз орнын табуына ықпал етуді мақсат етеді.
Шапағат ӘБДІР