Астана қаласы әкімдігінің Білім басқармасына қарасты № 98 мектеп-лицейінде кітап оқуға байланысты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін жас өрендер арасында қалыптастырып, зияткер ұрпақ тәрбиелеу. Соның нәтижесінде ұлтқа қызмет ететін патриот жастар шоғырын шыңдау көзделеді.
Дөңгелек үстел барысында оқушыларға кітап оқу мәдениетінің адамзатқа берер пайдасы түсіндіріліп, әркім өзінің ыңғайына келетін жанрды айқындады.
Сонымен қатар мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гауһар Қалиева ой-пікірін білдірді.
– «Үздік оқырмандардың шеруі» атты іс-шара өткізілді. Мектебімізде «12 ай, 12 кітап» деген жобалар бар. Соның нәтижесінде үздіктермен дөңгелек үстел өтті. Жаз бойы оқыған кітаптардың мән-мағынасын, қоғамдық санада өзектілігін талқыладық. Әр оқушының талғамы әр түрлі. Кейбірі фантастика бағытындағы кітаптарды жақсы көрсе, біреулері детективке, ендігісі роман, поэма, повестер және т.б. құштар. Жалпы кітаптың берері мол, – деді ол.
Сонымен бірге 180 кітап оқыған 11-сынып оқушысы Нұртазина Назерке кітап оқудың қыр-сырымен бөлісті.

– Кітап оқу маған зор септігін тигізіп келеді. Көптеген жүлдеге қол жеткіздім. 7 сыныпта қаламгер Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» атты кітабын оқып, кітапқа деген қызығушылығым арта түсті. Сол кітапта өмір жолында қандай қиындық болса да мойымай, еңсеріп өтіп, биік жетістікке жетуге болатыны баяндалған. Негізгі әр шығарма адамға түрлі қырынан әсерін береді. Зерделі болуға, сөйлеп үйренуге, ұшқыр әрі ұтқыр ойлы адамға айналуға септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді Назерке Нұртазина.