Кітап оқу аймағы ашылды

Кітап оқу аймағы ашылды
фото: Сұлтан Сейіт

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» мен №104 орта мектептің бірлесуімен аталған білім ордасында «Кітап оқитын ұлт – болашаққа бастар жол» атты заманауи оқу аймағы ашылды. Сонымен қатар, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру шеңберінде, оның ішінде «Балалар кітапханасы» бағыты бойынша оқырмандар клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

«Игі бастама «Кітап оқитын ұлт» жобасына қолдау көрсету, қала педагогтері мен оқушылары арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Бұл бастама жас ұрпақтың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.Біз жастарымызды мектеп қабырғасынан бастап кітапқа жақын, рухани бай ортада тәрбиелегіміз келеді», деп атап өтті №104 мектеп директоры Нұртас Жағабаев.

Салтанатты шара барысында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларынан үзінділер оқылып, көпшілік назарына ұсынылды. Кеш қонақтары мен оқушылар ұлы Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, әндерін шырқады. Алдағы уақытта жоба аясында оқырмандар клубының жұмысы жандана түспек. Атап айтқанда, педагогтер мен оқушылардың бірлескен әдеби кездесулерін, кітап талқылауларын, оқырмандық челлендждер мен түрлі шығармашылық іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Шапағат ӘБДІР