Жол ережелерін меңгерген оқушылар MacBook ұтып ала алады

Жол ережелерін меңгерген оқушылар MacBook ұтып ала алады
фото: Sergek group коммуникациялар департаменті

16 қарашада BilimClass білім беру платформасында жол қозғалысы ережелерін меңгеруге арналған республикалық интерактивті викторина басталды. Оған 2–11-сынып оқушылары қатыса алады. Жоба аясында үш MacBook ноутбугы ойнатылады. Викторинаны қазақстандық Sergek Group IT-компаниясы мен Bilim Group IT-холдингі бірлесіп ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – оқушылардың жол ережесі туралы білімін арттырып, балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақат алу қаупін азайту. Сұрақтар мен викторинаның әдістемесі ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті мамандарының сарапшылық қолдауымен әзірленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, жол ережелерін жаттап алу немесе дәріс тыңдау балаларға әрдайым тиімді бола бермейді. Білгенін күнделікті өмірде қолдана алуы үшін балаға қызықты әрі түсінікті тәсіл қажет. Сондықтан викторина ойын түрінде ұйымдастырылған.

«Балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ең алдымен ересектер – жүргізушілер, ата-аналар мен қалалық қызметтер жауапты. Біздің камералар жүргізушілердің жол ережесін сақтауына ықпал етіп келеді. Бірақ баланы жолдағы қауіптен қорғау үшін бұл жеткіліксіз. Бала да негізгі қауіпсіздік ережелерін білуі керек. Сондықтан балалар жол ережелерін ойын арқылы, өмірде кездесетін жағдайларды талдай отырып үйренсе дейміз. Егер викторинадан кейін бала жолдан сенімдірек өтуді, самокатты қауіпсіз тебуді үйренсе, ал ата-анасы онымен жол ережелерін тағы бір мәрте талқыласа, мақсатымызға жеткеніміз», – деді Sergek Group бас директоры Евгений Ким.

Викторина Қазақстанның 18 өңіріндегі BilimClass платформасын пайдаланатын оқушыларға арналған. Сұрақтар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады әрі жас ерекшелігіне қарай үш деңгейге бөлінген:

  • 2–4-сыныптар: жаяу жүргіншілер мен жолаушыларға арналған негізгі ережелер, аулада қауіпсіз жүру;
  • 5–9-сыныптар: жол белгілері, велосипед тебу ережелері, автобустағы қауіпсіздік;
  • 10–11-сыныптар: жолдағы күрделі жағдайларды талдау, құқықтық жауапкершілік және болашақ жүргізушілерге қажетті негізгі білім.

Викторинада барлығы 405 бірегей сұрақ бар. Әр деңгейге 135 сұрақтан әзірленген. Балалар жауаптарды кездейсоқ таңдап қана қоймай, ережелерді біртіндеп меңгеруі үшін күн сайын бес жаңа сұрақ ашылады. Оларға жауап беруге бір ғана мүмкіндік беріледі. Дұрыс жауаптар үшін ұпай жиналып, қатысушылардың жалпы рейтингі жасалады.

Викторинаға BilimClass платформасында тіркелген барлық оқушы қатыса алады. Ол үшін жеке аккаунтына кіріп, Bilim Shyñy бөліміндегі ойындар арасынан «Жол ережесін біл!» баннерін басу жеткілікті. Ал MacBook ұтысына қатысу үшін Freedom балалар картасы болуы міндетті. Картасы жоқ оқушылар да викторина тапсырмаларын орындап, жол ережелері туралы білімін тексере алады.

«Бүгінде Қазақстанның 18 өңірінде 3,2 миллион оқушы BilimClass платформасын пайдаланады. Бұл бізге балалармен сабақтан тыс уақытта да маңызды тақырыптарды қозғауға мүмкіндік береді. Соның бірі – жол қауіпсіздігі. Ойын түріндегі тапсырмалар мен өмірден алынған мысалдар балаларға ережелерді құр жаттағаннан гөрі жақсырақ түсінуге көмектеседі. Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мектептің, ата-ананың және полицияның ортақ міндеті. Біз де осы іске өз үлесімізді қосқымыз келеді», – деді Bilim Group бас директоры Александр Савченко.

Үш MacBook иесі 21 желтоқсан күні сағат 13:00-де анықталады. Жеңімпаздарды таңдау Sergek Group пен Bilim Group компанияларының Instagram желісіндегі ресми парақшаларында тікелей эфирде өтеді. Әр жас деңгейінен бір жеңімпаз таңдалады. Ол үшін сұрақтардың 80%-дан астамына дұрыс жауап берген оқушылар арасында кездейсоқ сандар генераторы арқылы ұтыс өткізіледі.

Викторина қорытындысы BilimClass платформасында да жарияланады. Жүлделерді табыстау үшін жеңімпаздардың ата-аналарымен мектеп өкілдері хабарласады.