ЮНЕСКО тізіміндегі жеті нысан: Қазақстан Азия елдері арасында 13-орынға тұрақтады

ЮНЕСКО тізіміндегі жеті нысан: Қазақстан Азия елдері арасында 13-орынға тұрақтады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі нысандар саны бойынша Азия елдері арасында 13-орынға ие болды. Тиісті рейтингті X әлеуметтік желісіндегі танымал Asia Nexus арнасы жариялады. Рейтингті әзірлеу кезінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығының деректері негізге алынып, мәдени, табиғи және аралас мұра нысандарының жалпы саны есепке алынған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазіргі таңда Қазақстанның Дүниежүзілік мұралар тізімінде жеті нысаны бар. Мұндай көрсеткіш Моңғолияда да тіркелген. Аталған ел рейтингте Қазақстаннан кейінгі орында тұр.

Қытай мен Үндістан көш бастап тұр

Азия елдері арасындағы рейтингте Қытай бірінші орында. 25 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен Дүниежүзілік мұра комитетінің сессиясында Цзиндэчжэнь қаласының өнеркәсіптік мұрасы тізімге енгізіліп, Қытайдағы нысандар саны 61-ге жетті.

Цзиндэчжэнь қаласы бірнеше ғасыр бойы фарфор өндірісінің орталығы болған. Мұнда X–XIX ғасырлар аралығында жұмыс істеген фарфор өндірісінің тұтас жүйесі сақталған.

ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының номинациялар бөлімі басшысы Алессандро Бальзамоның айтуынша, Қытайдың Дүниежүзілік мұралар тізіміне қосқан үлесі айрықша. Оның сөзінше, Қытай нысандарының ерекшелігі олардың санымен ғана емес, мазмұндық және мәдени алуандығымен де құнды.

Ал Үндістан рейтингте екінші орында тұр. Сол сессия барысында бұл елдің 45-нысаны – ежелгі буддалық Сарнатх кешені Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді. Аңыз бойынша, Будда ағартушылыққа жеткеннен кейінгі алғашқы уағызын дәл осы жерде айтқан.

Көшбасшы елдердің тізімі жаңа нысандармен толықты

Рейтингтің жоғарғы сатысындағы өзге мемлекеттердің де мұралар тізімі жаңа нысандармен толықты. Атап айтқанда, Иранның Аламут қамалы мен оған қатысты қорғаныс құрылыстары, ал Жапонияның ежелгі Асука-Фудзивара астанасы ЮНЕСКО тізіміне енгізілді.

Биылғы сессияны қабылдаған Оңтүстік Корея рейтингте 17-орында тұр. Әр мемлекет жыл сайын Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін бір ғана нысанды ұсына алады. Сондықтан көшбасшы елдер мен өзге мемлекеттер арасындағы көрсеткіш айырмашылығы біртіндеп қысқарып келеді.

Қазақстанның жетінші нысаны

Қазақстан 25 шілдеде Маңғыстау өңіріндегі жартас мешіттері мен қасиетті орындар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілгеннен кейін жетінші нысанына ие болды.

Аталған мұра нысанына Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және Бекет ата жерасты мешіттері кіреді.

Вице-президент Ерлан Қарин бұған дейін бұл бағыттағы жұмыстың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілгенін атап өткен болатын. Оның айтуынша, жерасты мешіттері тек құлшылық орындары ғана емес, сонымен қатар білім беру және ағартушылық орталықтары қызметін де атқарған.

«Бұл жартастар халқымыздың тарихи жадын, ата-бабаларымыздың аманатын сақтап келеді», – деді ол.

Қазақстанның ЮНЕСКО тізіміндегі өзге мұралары

Қазақстанның ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген алғашқы нысаны – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Ол 2003 жылы тізімге енді.

Кейіннен Таңбалы петроглифтері, «Чанъань – Тянь-Шань дәлізі» бойындағы Ұлы Жібек жолы нысандары тізімге қосылды.

Сондай-ақ Қазақстанның табиғи мұралары да халықаралық деңгейде мойындалды. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдерін қамтитын «Сарыарқа» нысаны, Батыс Тянь-Шань және Тұранның суық қысқы шөлдері бар.

Бұл мұралардың бірқатары Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан және Түрікменстан аумақтарын да қамтиды.

Моңғолияның да жеті нысаны бар

Моңғолия да биыл жазда Пусанда өткен сессия барысында ЮНЕСКО тізіміне жаңа нысан енгізді. Олардың қатарында ғұн ақсүйектерінің қорғандары, соның ішінде елдің шығыс бөлігіндегі Дуурлиг-Нарс жерлеу кешені бар.

Бұл тарихи ескерткіштерді Моңғолия археологтері мен Кореяның Ұлттық музейі 30 жылдан астам уақыт бойы бірлесіп зерттеген.

Моңғолияның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген алғашқы нысаны – Увс-Нуур көлінің қазаншұңқыры. Ол 2003 жылы тіркелді. Кейіннен Орхон аңғарының мәдени ландшафты, Моңғол Алтайындағы петроглифтер, қасиетті Бұрхан-Халдун тауы және Даурия ландшафттары тізімге қосылды.

Тағы бір мұра нысаны – Хангай жотасының баурайында орналасқан қола дәуірінің бұғы тастары. Ежелгі тұрғындар бұл тастарды діни-ғұрыптық рәсімдер мен жерлеу дәстүрлері кезінде орнатқан.

Алдағы уақытта ұсынылатын нысандар

Қазақстан Президенті ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу үшін жаңа нысандарға қатысты құжаттар әзірлеуді тапсырған. Олардың қатарында Жаркент мешіті, Алматыдағы Вознесенск соборы және Қаратау петроглифтері бар.

Қазіргі уақытта Жаркент мешіті мен Вознесенск соборы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар жөніндегі алдын ала тізіміне енгізілген. Бұл – нысанды Дүниежүзілік мұралар тізіміне ұсыну үшін қажетті бастапқы кезеңдердің бірі.