Нұра ауданында әкелер форумы өтті

Нұра ауданында әкелер форумы өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астананың Нұра ауданында әкелер форумы ұйымдастырылды. Жиында отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлі, ата-ананың бала өміріне белсенді араласуы және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Форумға Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, Білім басқармасы, Әдістемелік орталықтың басшылығы, Әкелер одағының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Бүгінде елордадағы әр мектепте әкелер кеңесі жұмыс істейді. Бұл ұйым балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мектеппен байланысты нығайтуға және әкелерді спорттық әрі мәдени іс-шараларға тартуға ықпал етеді. Қауымдастыққа кез келген ата-ана мүше бола алады.

Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар бала тәрбиесіндегі әкенің маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.

Нұра ауданы Әкелер одағының жетекшісі Шыңғысхан Қожахметовтің айтуынша, қазіргі уақытта әкелер балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың өміріне белсенді араласуы қажет.

«Бүгінгі заман бұрынғы буынмен салыстыруға келмейді. Біздің бала кезімізде гаджеттер болған жоқ. Үнемі қозғалыста жүрдік, кітап оқыдық, далада ойнадық. Әкелеріміз өз үлгісімен қандай адам болу керегін көрсетті. Қазір гаджеттер мен интернет балалардың назарын өзіне аударып отыр. Сондықтан олармен бірге саябақта серуендеп, велосипед теуіп, демалыс күндеріне ортақ жоспар құру маңызды. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – бала болашағы үшін ортақ бағыт қалыптастырып, бірлесе әрекет ету», – деді ол.

Форум барысында ғылыми институттың әлеуметтанушысы Адина Мағамбетова зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі әкелер тек отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етуші ғана емес, сонымен қатар балаларымен эмоционалдық байланысын нығайтып, көбірек уақыт өткізуге ұмтылады.

Үш баланың әкесі, елордалық Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбай да әкелік тәрбие туралы пікір білдірді.

Оның сөзінше, әр мектепте жұмыс істейтін әкелер қозғалысы ата-аналарға бала тәрбиесінде әдістемелік және психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге бағытталған.

«Әрбір ұл бала үшін әкесі – үлгі тұтар тұлға. Бала әкесінің мінез-құлқы мен іс-әрекетін қайталайды. Сондықтан біз мұқият, мәдениетті әрі байыпты болуымыз керек. Баладан сабақтан кейін күнінің қалай өткенін сұрап, оның өмірінде не болып жатқанынан хабардар болған жөн», – деді басқарма басшысы.

Жиын барысында қатысушыларға жасөспірімдердің оңай ақша табуға қызығып, қылмыстық әрекеттерге тартылуы туралы фильм көрсетілді. Ал Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов тәжірибесінде кездескен жағдайлармен бөлісті.

Оның айтуынша, Telegram секілді платформаларда жасөспірімдерге қылмыстық мақсаттағы түрлі жұмыс ұсыныстары жиі кездеседі. Оңай ақша табуға қызыққан балалар заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Сондықтан ата-аналар баласымен үнемі сөйлесіп, оның немен айналысатынын біліп отыруы қажет.

Форум соңында қатысушылар әкенің отбасы мен бала тәрбиесіндегі рөлі жөнінде пікір алмасып, әкелер қауымдастығының жұмысына белсенді араласуға шақырды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай кездесулер Астананың барлық ауданында өткізіледі. Жиындарда әкелер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тәжірибе алмаса алады. Қауымдастық жұмысы қоғамдық негізде жүзеге асырылады.