Бүгін елордада Республика күні аясында Өнер музейінің бір жылдығына орай мәдени-ағартушылық іс-шара өтті. Оның мақсаты – ұлттық музыкалық мұраны сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау, сондай-ақ музейдің мәдени-ағартушылық қызметін таныстыру.

№17 "Ертөстік" бөбекжай-бақшаның тәрбиеленушілері мен ата-аналар тамашалаған бағдарлама аясында музейдің құрылу тарихы мен негізгі жұмыс бағыттары таныстырылып, ұлттық музыкалық аспаптар коллекциясы және сирек кездесетін көне жәдігерлер туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар Болат Сарыбаев атындағы шеберхананың ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру қызметі таныстырылып, музейдің шығармашылық жобалары мен мәдени бағдарламалары туралы баяндалды.

Мерекелік бағдарламада JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP орындауындағы музыкалық қойылым ұсынылып, ұлттық музыкалық аспаптардың үні таныстырылды. Кездесу соңында ұлттық мұраны сақтау, мәдени туризмді дамыту және қазақтың музыкалық мәдениетін насихаттау мәселелері бойынша ашық диалог өтті.
