Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлерге арналған пилатес сабағы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Белсенді өмір салты, денсаулыққа күтім жасау және көтеріңкі көңіл күй – сапалы әрі ұзақ өмір сүрудің маңызды шарттары. Әсіресе егде жаста дене белсенділігін сақтау, бұлшықеттерді нығайту және қимыл-қозғалыс икемділігін арттырудың маңызы зор. Осы бағытта Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Алматы ауданы бойынша бөлімінде пилатес үйірмесінің ашық сабағы ұйымдастырылды. Сабақты үйірме жетекшісі Анар Каримова өткізді.

Іс-шараға 20-ға жуық зейнеткер қатысып, денені шынықтыруға, бұлшықетті нығайтуға және дене икемділігін арттыруға арналған жаттығуларды орындады. Қатысушылар жаттығуларды белсенді орындап, пилатестің денсаулыққа пайдасын іс жүзінде сезінді. Орталықта пилатес сабақтары күн сайын өткізіледі. Үйірмеге тұрақты қатысушылардың айтуынша, жүйелі жаттығу денені сергітіп қана қоймай, көңіл күйді жақсартуға, бойдағы сергектікті сақтауға және күнделікті өмірде белсенді болуға ықпал етеді.
Үйірме қатысушылары пилатестің денсаулықты нығайтудағы маңызын атап өтіп, мұндай сабақтардың бос уақытты тиімді өткізуге де мүмкіндік беретінін жеткізді. Айта кетейік, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдеріне арналған сауықтыру, шығармашылық, танымдық және мәдени бағыттағы көптеген үйірме жұмыс істейді. Олардың барлығы зейнеткерлердің денсаулығын нығайтуға, қоғамдық өмірге белсенді араласуына, жаңа қызығушылықтарын дамытуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне бағытталған.
Орталықтың басты мақсаты – аға буын өкілдерінің белсенді өмір сүруіне жағдай жасап, әр күнін қозғалысқа, жаңа әсерге және жақсы көңіл күйге толтыру.