Есіл ауданы қалай өзгеріп жатыр?

Есіл ауданы қалай өзгеріп жатыр?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Есіл ауданы жылдан-жылға дамып, құлпырып келеді. Мұнда аулалар абаттандырылып, көшелер мен қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, қалалық инфрақұрылым нысандары қалпына келтіріліп, аумағы белсенді түрде көгалдандырылуда. Бұл жұмыс ауданның әр бөлігінде жүргізіліп, ең алдымен тұрғындарға жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазіргі таңда Есіл ауданында шамамен 400 аула бар. Олардың басым бөлігі абаттандырылған. Былтыр 12 аулада абаттандыру жұмысы кешенді түрде жүргізілді. Ал биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тағы 5 аумақта кешенді жұмыстар атқарылды.

Тұрғындардың iKOMEK 109 платформасы арқылы жолдаған өтініштеріне де ерекше назар аударылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 аулада жөндеу және қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Осы жұмыс аясында 103 шағын сәулет нысаны ауыстырылып, 19 футбол алаңына жөндеу жүргізілді.

Биыл Сауран көшесінде көше-жол желісін абаттандыру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар аудан аумағында жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Гранит және мәрмәр тақталар, брусчатка төсемдері қалпына келтіріліп, металл конструкциялар, қабырғалар мен орындықтар сырлануда.

Бордюрлер орнатылып, сылақ жұмысы жүргізілуде. Жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар мен қалалық инфрақұрылымның өзге де элементтері жөнделіп жатыр. Ауданның көгалды тұсын күтіп-ұстау жұмысы күн сайын жүргізіледі. Оның құрамында 220 мыңнан астам ағаш, 500 мыңға жуық бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, 5 млн шаршы метр көгал және 117 мыңнан астам метр «жасыл» қоршау бар.

Биыл аудан аумағында 40 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Аудан көшелерінің бойында, оның ішінде Керей-Жәнібек хандар, Ұлы Дала, Қабанбай батыр және басқа да көшелерде жасыл желектер кешенді түрде отырғызылды. Сондай-ақ саябақтар мен гүлзарларда да жұмыс жүргізілді. Олардың қатарында EXPO саябағы, ҚТЖ гүлзары, Әл-Фараби мешіті аумағы және басқа да орындар бар. Абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы кешенді жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – Есіл ауданы тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған. Қазір елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.