Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында қала тұрғындарының күнделікті өміріне әсер ететін төрт маңызды мәселе қаралды. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – елордада сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастырғаны үшін төленетін базалық ай сайынғы төлем мөлшерлемелерін арттыру.
Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы «Астана қаласының Урбанистика орталығы» ЖШС-пен бірлесіп әзірлеген мәслихат шешімінің жобасын басқарма басшысы Руслан Жақыпов таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта елордада ай сайын 7 мыңнан астам сыртқы жарнама нысанына мониторинг жүргізіледі. Олардың жалпы төлем сомасы 250 млн теңгеден асады. Алайда жарнамалардың 80 пайыздан астамы тиісті хабарлама берілмей, өз бетінше орналастырылған.

Қолданыстағы тәртіп бойынша заң талаптарын сақтап, тиісті хабарлама берген кәсіпкерлер мен жарнаманы рұқсатсыз орналастырған субъектілер үшін төлем мөлшері бірдей. Ұсынылып отырған жоба рұқсатсыз орналастырылған жарнамаға қатысты төлем мөлшерлемелерін арттыруды көздейді. «Жобаның негізгі мақсаты – сыртқы жарнама орналастыратын субъектілердің жауапкершілігін арттырып, жарнама қызметін ретке келтіру. Сонымен қатар қаланың сәулеттік келбетін сақтап, жарнама құрылымдарының Астана қаласының дизайн-код талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету маңызды» деп атап өтті Руслан Жақыпов.
Ал Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин өз баяндамасында қалалық және қала маңындағы бағыттардағы жол жүру ақысын реттеуге, тарифтік саясатты жетілдіруге және жолаушылар тасымалы жүйесін үйлестіруге бағытталған ұсыныстарын айтып өтті. Оның ішінде қалалық және қала маңындағы тұрақты автомобиль тасымалының тарифтерін қайта қарау, сондай-ақ қалалық маршруттарды субсидиялау тәртібіне қатысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселелері қамтылды.
Ұсынылған материалдарға сәйкес, Астанада жол жүру ақысы 90 теңге мөлшерінде 2014 жылы белгіленіп, кейін бір рет 110 теңгеге дейін көтерілген. Осы уақыт аралығында тасымалдаушылардың пайдалану шығындары айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, дизель отынының литрі 107 теңгеден 329 теңгеге дейін қымбаттап, жүргізушілердің еңбекақысы мен автобус паркін күтіп ұстау шығындары да артқан. Осыған байланысты 1 желтоқсаннан бастап жол жүру ақысын қолма-қол ақшасыз төлем кезінде 150 теңге мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынылған бастамаларды талқылау барысында қала тұрғындарының, қала маңындағы елді мекендер халқының және тасымалдаушы кәсіпорындардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігіне назар аударды.