Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында елдік мұратты ту еткен қазақтың тарихи тұлғалары Зуқа батыр Сәбитұлы мен Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына орай халықаралық ғылыми семинар өтті.
Семинарды жүргізген тарих ғылымдарының докторы Махсат Алпысбес екі тарихи тұлғаның тағдырлас болғанына тоқталды.
«Әлихан Бөкейхан мен ұлт-азаттық күрес жолында үлкен қайраткерлік көрсеткен кемеңгер тұлға – Зуқа батыр Сәбитұлының туғанына 160 жыл толып отыр. Бұл екі ұлт қайраткерінің бір жылы дүниеге келуі және тағдырлас болуы назар аударуға тұрарлық. Екеуі де ұлт-азаттық жолындағы күреске байланысты саяси қуғын-сүргінге ұшырап, тағдырдың ауыр сынағын бастан өткерді. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – осындай тұлғаларды тарихи жадта жаңғыртып, олардың ұлт тарихындағы орнын айқындау» деді ол.

Іс-шара барысында Зуқа батыр Сәбитұлының мерейтойына арналған «Қаракөпір» және «Қорған» атты кітаптардың таныстырылымы өтті. Жаңа жинақтарға батырдың өмір жолы, ел қорғаудағы ерлігі мен қоғамдық қызметіне қатысты зерттеулер, мақалалар, өлеңдер мен жыр-толғаулар енгізілген.
Зуқа батыр Сәбитұлы (1866–1929) қазіргі Абай облысының Кендірлік өңірінде дүниеге келген. Ол – ел қорғаған батыр, қоғам және дін қайраткері. Халық жадында ұлтқа, дінге және әлеуметтік жағдайына қарамастан, кедей-кепшікке, әлсізге, пана іздеген жандарға қорған болған тұлға ретінде сақталған. Оның өмір жолы елдік пен ерліктің, имандылық пен адамгершіліктің, әділдік пен қайсарлықтың үлгісі саналады. 1929 жылы Алтайдың арғы бетінде қаза тапқан.

Батырдың өмірі мен ерлігі қазақ әдебиетінде де кеңінен көрініс тапты. Қажығұмар Шабданұлының «Пана», Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романдары, Талғат Кеңесбаевтың «Қараңғы түннің жұлдызы» шығармасы тарихи тұлғаның бейнесін көркемдік тұрғыдан сомдады. Ал ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай «Қара көпір» атты өлеңімен батырға ақық жырдан ескерткіш тұрғызды.

Семинар соңында Зуқа батырдың ұрпағы Арыстан қажыға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атынан төсбелгі табысталды. Бұл да батырдың ұрпақтары мен оның тарихи мұрасын насихаттап жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ