Ең төменгі жалақы өседі

Ең төменгі жалақы өседі

Бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға жағдай жасалады. Бұл туралы Қазақстан хал­қына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мемлекет басшысы кешегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі ең төменгі жалақының көлемі көтерілетінін және учаскелік мамандардың жалақысы өсетінін айтты.

– Біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл тапсырма келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асады.

– Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент медициналық учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды.