«CITY» емханасы» ЖШС-де Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Күн тәртібінде маммография, флюорография және рентгенография кабинеттеріне санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден бас тарту мәселесі қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кәсіпкердің Кеңеске жүгінуіне Нұра ауданының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды беруден бас тартуы себеп болды. Бас тартуға Санитариялық қағидалардың 330-тармағы негіз ретінде көрсетілген. Аталған нормаға сәйкес тұрғын үйлерге жапсарлас салынған немесе олардың құрамындағы үй-жайларда рентген кабинеттерін орналастыруға жол берілмейді.
Көшпелі отырыс барысында Кеңес мүшелері нысанды аралап, ұсынылған құжаттарды жан-жақты зерделеді. Жүргізілген талдау аталған норманың бұл жағдайда қолданылуының заңдылығына күмән келтіруге негіз бар екенін көрсетті.
Сәулет басқармасының мәліметіне сәйкес, медициналық блоктың дербес мекенжайы мен жеке кіреберісі бар және ол көпфункционалды кешен құрамындағы жеке ғимаратта орналасқан. Сонымен қатар кәсіпкер нысанның мемлекеттік тіркеуден өткенін растайтын құжаттарды, медициналық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны, сондай-ақ нысанның радиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін дәлелдейтін зерттеу қорытындыларын ұсынды.
Кеңес мәселенің екі жылдан астам уақыт бойы шешілмей келе жатқанына ерекше назар аударды. Кеңес мүшелерінің пікірінше, өтініштің осынша ұзақ қаралуы әкімшілік рәсімдердің негізсіз созылуына және кәсіпкерлік қызметке қосымша әкімшілік кедергілердің туындауына әкелуі мүмкін.
Кәсіпкер заманауи диагностикалық жабдықтарды сатып алуға 100 миллион теңгеден астам инвестиция салған. Алайда санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауына байланысты жабдықтар бүгінгі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Соның салдарынан аудан тұрғындарының заманауи диагностикалық зерттеулерге қол жеткізу мүмкіндігі шектеліп отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес Астана қаласының прокуратурасына қабылданған шешімнің заңдылығына тексеру жүргізуді, ал Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми ұстанымы мен ұсынылған барлық құжаттарды ескере отырып, кәсіпкердің өтінішін қайта қарауды ұсынды.
Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мәселе толық шешілгенге дейін кәсіпкерді құқықтық сүйемелдеуді жалғастырып, қажетті қолдау көрсететін болады.