Бүгінде wellness-туризм әлемдік туристік индустрияның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Саяхатшылар денсаулықты нығайтып, қалпына келтіретін және жаңа әсер беретін демалысқа қызығушылық танытуда. Осы сұранысқа жауап ретінде Астанада сауықтыру, этникалық және мәдени туризм элементтерін біріктіретін жаңа wellness-туристік өнім қалыптасып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ақпараттық турдың мақсаты – туристік сала өкілдерін жаңа нысанмен таныстыру және оны отандық, әрі шетелдік қонақтарға арналған туристік маршруттарға енгізу.
Іс-шара барысында қатысушылар қазақ халқының дәстүрлеріне негізделген кешеннің этно-тұжырымдамасымен, авторлық сауықтыру бағдарламаларымен және жоғары сервис стандарттарымен танысты.
Меймандарға қазақ мәдениеті мен философиясының жекелеген қырларын бейнелейтін бес тақырыптық сьют таныстырылды:
«Көркемдік» – табиғаттың әсемдігі мен ұлттық дәстүрлерден шабыт алған кеңістік;
«Өркендеу» – көшпелі тұрмыс элементтері арқылы дала мәдениетінің рухын жеткізетін сьют;
«Байлық» – көшпелі өркениеттің ұлылығы мен мұрасын бейнелейтін интерьер;
«Амандық» – адам мен табиғаттың өзара байланысына, сондай-ақ Ботай мәдениетінің дәстүрлеріне негізделген тұжырымдама;
«Сәттілік» – Ұлы даланың жауынгерлері мен аңшылық дәстүрлерінің бейнесінен шабыт алған кеңістік.
Осындай нысандардың дамуы елорданың туристік ұсыныстарын кеңейтуге және қала қонақтары үшін жаңа тартымды орындарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Бүгінде Астана іскерлік және оқиғалық туризм орталығы ретіндегі позициясын нығайтып қана қоймай, wellness, этно және сауықтыру туризмінің перспективалы бағыты ретінде де дамып келеді.