31 қазан мен 1 қараша күндері Астана қаласында «Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив» атты креативті көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.


Іс-шара барысында Маңғыстаудың дәстүрлі өнері мен заманауи шығармашылық туындыларын тамашалауға болады. Көрмеге зергерлер, дизайнерлер, суретшілер, тоқыма шеберлері, ағаш, қыш және сүйек өңдеушілер, сондай-ақ аяқ киім шеберлері қатысып, өз қолынан шыққан бірегей бұйымдарын таныстырады. Керегіңізді әдемі бағада сатып алуға мүмкіндік бар.


Көрме аясында «Ақшағыл» этно-фольклорлық тобының «Мұра боп қалған мәңгі әуен» бағдарламасы, «Дүние дидарындағы дәстүр» және «Бабаның көзі, жаңаның өзі» сән көрсетілімдері, «Менің әлемім» жобасының бағдарламасы, Тамара Асар мен «Жорға» би ансамблінің «Тамыр. Әуен. Рух» бағдарламасы, дәстүрлі әндер, шеберлік сағаттары және жастардың креативті жобалары ұсынылады.
Өтетін орны: Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2, Qazaq Creative Hub.
Күні: 31 қазан – 1 қараша 2026 жыл.
Жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 10.00-20.00
КІРУ ТЕГІН