«Астана дарыны: жиырма жылдық белес

«Астана дарыны: жиырма жылдық белес
фото: Астана қаласының әкімдігі

«Астана дарыны» орталығының 20 жылдығына орай «Дарындылықты дамыту экожүйесі: ғылым, тәжірибе, болашақ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жас таланттарды қолдаудың бірегей экожүйесін қалыптастырған орталықтың мерейтойлық конференциясына Оқу-ағарту министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің, Білім басқармасының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, халықаралық сарапшылар, педагогтер мен әр жылдардағы түлектер қатысты.

       Орталықтың тарихына арналған фильм көрермен назарына ұсынылған соң Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенгазыев, «Астана дарыны» орталығының басшысы Жанар Бейсенбаева сөз сөйледі. Олар орталықтың әр жылдардағы жетістіктері мен соған еңбегі сіңген педагогтардың табанды қызметін атап өтті.

-Елорданың мыңдаған дарынды балаларын анықтап, олардың талай республикалық, халықаралық жарыстарда үлкен жеңістерге жетуіне осы орталық жол ашты десек артық айтпаймыз. Бүгінге дейін орталықты 4 басшы басқарыпты, дәл қазір алғаш негізін қалаған және одан кейін қалыптасу кезінде қызмет еткен басшылар да келіп отыр. Олар білім саласын дамытудағы қажырлы қызметін одан әрі жалғастыруда. Орталық жұмысын жандандыруда сондай-ақ қаладағы мектептердің директорлары мен олардың орынбасарлары, жалпы ұстаздар қауымының да еңбегі зор. Ел болашағы – білімді де саналы, талантты ұрпақ тәрбиелеудегі абыройлы қызметіңізге зор алғысымызды білдіреміз, - деді Қ. Сенғазыев.

     

ЖИ мен цифрлық трансформация дәуірінде балалардың қабілетін дамытудың жаңа бағыттарын айқындауды көздеген іс-шарада халықаралық және қазақстандық сарапшылардың баяндамалары тыңдалды. Varkey Global Teacher Prize нұсқасы бойынша әлемнің үздік 10 мұғалімінің қатарына енген австралиялық доктор Кен Силберн жоғары қабілетті оқушыларды қолдаудың халықаралық модельдері туралы баяндама жасады. Ал елордалық профессор Арыстан Сатанов дарындылықты дамытудың ғылыми тәсілдеріне тоқталды. Фармацевтика және фармацевтикалық технологиялар саласындағы малайзиялық ғалым, доктор Чан Сиок Йи «ЖИ, STEM және зияткерлік дарындылықтың жаңа түрлері» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Жалпы конференцияда «Дарындылықты анықтау және сүйемелдеу», «Олимпиадалық қозғалыс», «Ғылым, STEM және жасанды интеллект», «Дағдыларды дамыту траекториялары» деген 4 бағыт бойынша секциялық жұмыс жүргізілді.

 -20 жылдық мерейтой — қорытынды нүкте емес, дамудың жаңа кезеңіне өту кезеңі. Бүгінде «Астана дарыны» орталығы үздіктерді іріктеу қағидатынан әр баланың әлеуетін дамыту ұстанымына көшу арқылы өз жұмыс тәсілдерін сенімді түрде жаңғыртып келеді. Бүгінгі жетістіктерімізді сараласақ, осы жылдары балаларды үлкен жарыстарға дайындаумен қатар, олардың қабілетін ашатын өз жобаларымызды да қалыптастырдық. Біз үшін ең маңызды сұрақ - баланың бойындағы қабілеті ашылып, дамуы үшін оған қандай орта, қандай қолдау қажеттігін анықтау. Жұмыстың мәні — әр баланың талабын ұштайтын, өзіне сенімін арттыратын мүмкіндіктерді көбейту,  - деді орталық басшысы Ж. Бейсенбаева.

   

Орталықта олимпиадалық және ғылыми-зерттеу жұмыстары дарынды оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға және ғылыми ойлауын қалыптастыруға бағытталған. 2025-2026 жылдары орталық арқылы елордалық 1563 оқушы 39 халықаралық жарысқа, 52995 оқушы 46 республикалық жарысқа және 210417 оқушы 287 қалалық жарысқа қатысқан. Іс-шара аясында интерактивті көрме ұйымдастырылып, «Астана дарыны» әнұраны алғаш рет орындалды және педагогика саласының ардагерлеріне, орталықты әр жылдары басқарған директорларға  құрмет көрсетілді, сондай-ақ 15 негізгі серіктеске арнайы стелалар табысталды. Соңында орталық қызметкерлері ведомстволық және ресми наградалармен марапатталып, «Болашаққа бір қадам» ашық микрофон бөлімінде конференцияның негізгі идеялары қорытындыланды.

Райхан Рахметова