Елордаға туристерді қалай тартамыз?

Елордаға туристерді қалай тартамыз?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанаға жылына шамамен 1,6 млн турист келеді. Соның ішінде 400 мыңы – шетелдіктер. Елорданың даму қарқынын өзге қалалармен салыстырсақ, осы көрсеткішті 4,6 млн адамға дейін көбейтуге мүмкіндік бар. Қала басшылығы арнайы бағдарлама жасап, туризмді негізінен үш бағытта өркендетуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта бас қалада 50 мыңнан аса көрерменге арналған стадион, цифрлық парк, жаңа көрме кешені, жаңа әуежай, этноорталық пен гастрономия көшесі ашылады.

Биылғы маусым айында Астана қаласының туризмін дамытудың 2026-2031 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеу басталды. Бұл жұмыс аталмыш саланы жүйелі әрі ұзақ мерзімді кезеңде өрлету мақсатында қолға алынды. Атап айтқанда, осы құжат арқылы елордаға келетін туристердің санын өсіру, олардың бас қалада болу ұзақтығын арттыру және шығысын көбейту көзделіп отыр. Тиісті жұмыс төрт кезеңнен тұрады.

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың айтуынша, осы уақытқа де­йін елордамен салыстыруға келетін 8 қаланың туризмін талдау жүргізілді, 6 басым шетелдік нарық зерттелді, 9 мыңға жуық турист арасында сауалнама нәтижелері талданды. Қазір нақты туристік ағын мен оның қала экономикасына қосатын үлесін бағалау жүргізіліп ­жатыр.

«Қазіргі таңда біз үшін стратегияның үшінші кезеңін іске асыру аса маңызды. Бүгіндері инфрақұрылымды дамыту, қыз­мет көрсету сапасын арттыру, елорданы ілгерілету және туризмнің басым бағыттарын өрлету секілді стратегия бастамаларын қалыптас­тыру кезеңіне көштік. Қорытынды кезеңде жол картасы, ­мастер-жоспар және тиімділіктің негізгі көрсеткіштері әзірленеді. Стратегияны әзірлеу жұмысын биылғы қараша айын­да аяқ­тауды жоспарлап отырмыз» дейді Халел Әкімжанов.

Астана қаласының туриз­мін дамытудың 2026-2031 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеуге «Future of Mobility» ЖШС қатысты. Осы серіктестіктің даму жөніндегі директоры Ұлыбек Қиманов саланы ілгерілетудің аралық нәтижесін айтып берді.

Оның айтуынша, бірнеше көрсеткіш бойынша Астанаға жақын әлемнің 8 қаласының тәжірибесі талданды. Бұл – әлеу­меттік-экономикалық даму, статистика көрсеткіш­тері және климаты елордаға ұқсас Ташкент, Баку, Қазан, Варшава, Абу-Даби, Эр-Рияд, Сеул, Пекин шаһарлары.

«Қазіргі туристік ағын Астананың әлеуетін толық ашып отырған жоқ. Бүгінде елордаға жылына шамамен 1,6 млн турист келеді, оның 400 мыңы – шетелдік қонақтар. Біз салыс­тырған қалалардың орташа көрсеткішіне сүйенсек, Астанаға келетін туристер санын жылына 4-6 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ал шетелдік туристердің үлесі қазіргі 24%-дан 35%-ға дейін өссе, олардың саны 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін» дейді Ұлыбек Қиманов.

Оның мәліметінше, халықаралық әуе қатынасы жағынан Астана салыстырылған қалалардан төмен көрсеткішке ие. Қазір елордадан 22 мемлекетке әуе рейсі ұшады, ал Ташкенттен – 37, Бакуден 32 елге ұшуға болады. Қалалар саны бойынша да айырмашылық бар. Астанадан 41 қалаға рейс қатынаса, Ташкенттен – 85, Бакуден 69 қалаға әуе қатынасы бар.

Ұлыбек Қимановтың сөзінше, қазіргі туристік ағынды қабылдауға Астанадағы төрт және бес жұлдызды қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарының саны жеткілікті. Алайда туристер саны артса, алдағы бес жылда бұл ­инфрақұрылым жеткіліксіз ­болуы мүмкін.

«Қазіргі кезде елордаға шетелдік туристердің басым бөлігі Ресейден келеді. Олар 40 пайызды құрайды. Қытайдан келетіндердің үлесі – 17,6 пайыз. Түркия, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея елдерінен туристер көбірек келсе, Астананың экономика көрсеткіші өседі деген тұжырымға келдік» дейді Ұлыбек Қиманов.

Оның айтуынша, Астананы туристік бағыт ретінде дамытудың үш негізгі тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл – «Астана – болашақтың қаласы», «Астана – ірі оқиғалар астанасы» және «Астана – мәдениет пен табиғат тоғысқан қала».

«Осы бағыттарды дамыту аясында бірқатар жаңа нысан мен жоба ұсынылып отыр. Бұл қатарда киберспорт орталығы, цифрлық парк, заманауи өнер орталығы, жаңа көрме кешені, 50 мыңнан астам көрерменге арналған стадион, жаңа әуежай, этноорталық және гастрономия көшесі бар» дейді ­Ұлыбек Қиманов.

Оның пікірінше, елордаға бір келген туристті бас қаламызға қайтып оралуға қызық­тыратындай жағдайлар жасалып, себептер тудыру қажет. Жүргізілген тиісті сауалнаманың нәтижесінде олардың 75 пайызы Астананы қайта көргісі де келеді екен. Соның ішінде негізінен іскерлік туризм өкілдерінен қалаға көбірек кіріс кіреді.

«Елордада өтетін ірі оқиғалар бір келген туристтің қайтып оралуына жағдай тудырады. Шетелдік туристер ұлтты танытатын дүниелерді көргісі келетінін анықтадық. Шетелден келетіндер қазақтың мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдарды татқысы келеді» дейді Ұлыбек Қиманов.

Оның пікірінше, «Астана Опера» және «Астана Балет» ­театрлары туристерді тартатындай әлеуетке ие. «Бәйтерек» те солай. Туристер ағынын көбейту үшін қалаға қазіргі заманғы өнер орталығы немесе галереясы сияқты нысандар да керек. Қорыта айт­қанда, елордаға келетін турис­терді көбейту үшін істелетін жұмыс әлі де жеткілікті. Астана қаласының туризмін дамытудың 2026-2031 жылдарға арналған стратегия­сы соған бағытталған.