Астана қаласындағы №5 балалар кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған «Кітап және тұлғалық даму (Self-Development)» тақырыбында мотивациялық кездесу өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды сапалы әдебиетпен таныстыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ олардың өзін-өзі дамытуға, кәсіпкерлік ойлау қабілетін жетілдіруге және soft skills дағдыларын меңгеруге деген қызығушылығын арттыру.

Кездесуге Астана қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 2-3-курс студенттері, стартап-клубтар мен бизнес-инкубаторлардың өкілдері, сондай-ақ студенттік кеңестердің мүшелері қатысты.

Кездесу барысында кітаптың адам тұлғасын қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге және кәсіби таңдауына ықпал етуі туралы ой қозғалды. Арнайы шақырылған қонақтар кітап оқудың жеке дамудағы маңызына тоқталып, жастармен өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ кітаптың адамның өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, өз мүмкіндіктерін тануға және болашақ мамандығын таңдауға әсері талқыланды.
Ал «Кітап оқитын ұлт» жобасының Астана қаласы бойынша жобалық кеңсесінің басшысы Жақсыбай Боранбаев марафонның мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, студенттерге кітап оқудың болашақ кәсіби және қоғамдық өмірдегі маңызын түсіндірді.
«Бүгін сіздер «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында басталған марафон туралы естіп, оның бағыттарымен танысып отырсыздар. Марафон аясында қатысушылар жеті бағыт бойынша алты ай ішінде 15 кітап оқып шығуы керек. Бұл бастама Қазақстан азаматтарының кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бүгін сіздер студентсіздер. Алдағы уақытта қызметке орналасып, қоғаммен етене араласа бастағанда, дәл қазір оқыған кітаптарыңыздың пайдасын көресіздер. Кітап адамға білім беріп қана қоймай, ойлау қабілетін дамытады, шешім қабылдауға үйретеді және өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан бүгінгі оқыған әрбір кітабыңыз болашақтағы жетістіктеріңізге негіз бола алады» деді Жақсыбай Боранбаев.

Оның айтуынша, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – жеке адамның дамуы ғана емес, тұтас қоғамның алға басуына ықпал ететін маңызды қадам. Білімді, ізденімпаз әрі ой-өрісі кең ұрпақ қалыптастыру еліміздің болашағы үшін айрықша мәнге ие.
Шапағат ӘБДІР