Алматы ауданының зейнеткерлері мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысып, қаланы абаттандыру жұмыстарына үлес қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында Петрова көшесіндегі «Орбита» дүкенінің маңында 30-ға жуық зейнеткер ағаш отырғызып, аумақты қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған игі бастамаға қатысушылар белсенділік танытып, туған қаланың көркеюіне атсалысты.
Алматы ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұргүл Талғатқызының айтуынша, мұндай шаралар аға буын өкілдерінің қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
«Аға буын өкілдері де қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосып, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Осындай игі істер арқылы қаламыздың көркеюіне атсалысып жатырмыз», – деді ол.
Тазалық акциясы қатысушылардың туған жерге деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаны күтіп ұстаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.