25 қазан – мен үшін еліміздің егемендігі мен ұлттық рухының символы. 1990 жылы дәл осы күні Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіздікке қарай тарихи қадамы жасалды. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығына бастар жолдың маңызды белесі.
Республика күнінің маңызы шетелдегі қандастарымыз үшін де ерекше деп ойлаймын. Тарихтың түрлі кезеңдерінде туған жерінен жырақта өмір сүруге мәжбүр болған қазақтар қай елде жүрсе де, ана тілін, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын сақтап қалуға тырысты. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін олардың тарихи Отанына оралып, ата жұртымен қайта қауышуына мүмкіндік туды. Тәуелсіздік қандастарымыз үшін өз тамырымен қайта табысудың, ұлттық мәдениеті мен дәстүрін еркін жаңғыртудың символына айналды.
Мен өмірімнің көп бөлігін қазақ халқының мәдени мұрасын жинауға, зерттеуге және оны келер ұрпаққа жеткізуге арнадым. Өйткені ұлттың байлығы тек материалдық игіліктермен өлшенбейді. Біздің ең үлкен қазынамыз – тарихымыз, мәдениетіміз, рухани мұрамыз және сол мұраны жалғастыратын ұрпағымыз.
Тәуелсіздік бізге ұлттық құндылықтарымызды еркін дәріптеуге, төл мәдениетімізді әлемге танытуға жол ашты. Сондықтан әрқайсымыз елдің дамуына үлес қосып, ұлттық мұрамызды сақтауға жауапкершілікпен қарауымыз керек.
Мен үшін Республика күні – өткенімізді бағалап, бүгінімізді қадірлеп, болашағымызға сеніммен қарайтын күн. Қазақстан әлемдегі әрбір қазақ мақтан тұтатын, барша қандасымызға ортақ шаңырақ бола берсін! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын!
Бахаргүл Төлеген,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері