Астана жастары қайта жаңғыруды қалайды

Астана жастары қайта жаңғыруды қалайды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға, есірткіге қарсы берік ұстаным қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «UPGRADE CAMP: ПЕРЕПРОШИВКА» көшпелі креативті нетворкинг-лагерінің ашылуы өтті.

Лагерьдің негізгі мақсаты – жастардың сыни ойлау қабілетін, көшбасшылық қасиеттерін және саналы шешім қабылдау дағдыларын дамыту. «Жобаның басты ерекшелігі – профилактикалық жұмысты заманауи интерактивті оқыту форматтарымен, креативті тәжірибелермен, командалық тапсырмалармен және сарапшылармен ашық пікір алмасумен ұштастыру» дейді ұйымдастырушылар. 

-    Бүгінгі шара қайта жаңғыру деп аталып отыр. Жастардың барынша салауатты өмірге бейім болуын, нашақорлыққа қарсы жұмыс жасауын басты назарда ұстай отырып, олардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, есірткі қылмыстарының құқықтық және әлеуметтік салдары туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру болып табылады. Бүгінгі іс-шараға жүзден астам жастар қатысып отыр, -деді Астана жастары ресурстық орталығының мәдени ұйымдастырушысы Аружан Келдібай. 

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы ІІМ жанындағы Есірткі құқық бұзушылықтарына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. 
Жоба белсенді жастарды, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдерін, қоғам қайраткерлерін және түрлі сала сарапшыларын біріктіретін заманауи білім беру және коммуникациялық алаңға айналмақ. «UPGRADE CAMP: ПЕРЕПРОШИВКА» жобасын іске асыру «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға және елорда жастарының тұлғалық әрі зияткерлік дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.