Қазақстанның дербес даму жолына негіз қалады

Қазақстанның дербес даму жолына негіз қалады
фото: жеке мұрағатынан

Республика күні - ел тарихындағы маңызды белестерді еске алатын, өткенге көз жүгіртіп, болашаққа бағдар жасайтын мереке. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның дербес даму жолына негіз қалады. Одан бергі жылдары еліміздің қоғамдық-саяси өмірімен қатар экономикасы да айтарлықтай өзгерді. Соның ішінде жеке сектордың қалыптасып, нығаюын ерекше атап өткен жөн.

Бүгінде кәсіпкерлер экономиканың күнделікті тынысын қамтамасыз етіп отыр. Олар өндіріс орындарын іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа қажетті тауарлар мен қызметтерді ұсынып келеді. Шағын дүкеннен бастап ірі өндіріс орнына дейінгі әрбір кәсіпкерлік жоба ел экономикасындағы іскерлік белсенділіктің бір көрінісі.

Қазір нарықтағы өзгерістер технологиялық жаңарумен қатар жүріп жатыр. Цифрландыру мен жасанды интеллект бизнестің жұмыс тәсіліне де ықпал етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы AI & Digital Bridge халықаралық форумында технологиялық серпілістің негізінде ғалымдар, инженерлер және кәсіпкерлердің еңбегі тұрғанын атап өтті. Президент инновациялық стартаптар мен озық жобаларды қолдаудың маңыздылығына назар аударды.

Бұл үрдіс Астанада да анық байқалады. Елордада құрылыс пен өндірістен бастап сауда, қоғамдық тамақтану, білім беру, медицина, ақпараттық технологиялар және креативті индустрияларға дейінгі түрлі бағытта жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Қаланың өсуі мен халық санының артуы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, сонымен бірге қызмет сапасына қойылатын талаптарды күшейтіп отыр.

Дегенмен бизнестің күнделікті жұмысында шешімін қажет ететін мәселелер аз емес. Оны Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына келіп түсетін өтініштерден де көруге болады. Жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты 210 өтініш түсті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы сомасы 6 млрд теңгеден асатын кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.

Өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік бақылау және қадағалау, салық салу, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы мәселелерге қатысты. Бұл бағыттардың әрқайсысы кәсіпкердің жұмысына тікелей әсер етеді. Кей жағдайда бір мәселенің шешілмеуі тұтас саланың дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Сондықтан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау нақты өтініш бойынша көмек көрсетумен ғана шектелмеуі керек. Күнделікті кездесетін мәселелерді жинақтап, олардың себептерін анықтау, бизнеске кедергі келтіретін нормалар мен рәсімдерді жетілдіру де маңызды. Кәсіпкер үшін тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беретін орта қажет. Ережелердің түсінікті болуы, талаптардың тұрақты әрі болжамды болуы, әділ бәсекенің сақталуы және мемлекеттік органдармен ашық байланыс орнауы осындай ортаның негізгі шарттарының бірі.

Бүгінде отандық бизнес үшін бәсекеге қабілетті болу бұрынғыдан да маңызды. Тұтынушының талғамы өзгеріп, нарықтағы талап күшейіп келеді. Бұл кәсіпкерлерді өнім сапасын арттыруға, технологияларды енгізуге, өндірісті жаңартуға және жаңа нарықтарды игеруге ынталандырады. Экономикалық егемендік те осындай нақты қадамдардан басталады. Ел ішінде өндіріс көбейіп, отандық өнімнің үлесі артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылады, салық базасы кеңейеді, экономиканың орнықтылығы арта түседі. Сондықтан кәсіпкердің өз ісін дамытуға бағытталған әр қадамы елдің экономикалық әлеуетімен тікелей байланысты.

Республика күні - жетістіктерді атап өтумен қатар, алда тұрған міндеттерді саралайтын кезең. Тәуелсіздік жылдарында отандық бизнес қалыптасып, экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Ендігі міндет - кәсіпкерлік бастамаларға жол ашып, бизнестің ұзақ мерзімді дамуына жағдай жасау. Елдің экономикалық қуаты тек ірі жобалармен өлшенбейді. Оның негізінде күн сайын еңбек етіп, жаңа мүмкіндік іздеп, жұмыс орындарын құрып отырған кәсіпкерлердің еңбегі жатыр.

Қанат Әлин,

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры