Қазақстанда өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің рөлін күшейту мақсатында «Елім дегендер» атты республикалық шығармашылық байқау ұйымдастырылмақ. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Бұл туралы astana-akshamy.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігі мен әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы ұйымдастырып отырған байқау үш номинация бойынша өтеді: халық әндерін орындау, көркемсөз оқу және эссе жазу.
Байқаудың мақсаты – ата-бабаларымыздан мұра болған ынтымақтастық, достық, адамгершілік қатиеттерін дәріптеу; жасөспірімдер мен жастар арасында мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту; өлең жазу, тапқырлық, дарындылық сияқты шығармашылық қабілеттеріне (ақындық, шешендік шеберлігі, тапқырлығы т.б.) қолдау көрсетіп, ары қарай дамытуына жол ашу.
Іріктеу кезеңі 10-30 қыркүйек аралығында онлайн форматта өтінім қабылдаудан басталады. Қазылар алқасының шешімімен үздік шыққан 100 қатысушы финалға жолдама алып, 22 қазанда Астанада өтетін республикалық қорытынды кезеңде бақ сынайды.
Байқау екі кезеңде өтеді: І кезең – іріктеу, 10-30 қыркүйек аралығында өтінімдер қабылдау. Қатысушылар арнайы поштаға өз өтінімдерін жібереді. Үміткер өзі туралы ақпараттарды толық жазып (оның ішінде, таңдаған номинациясы бойынша 2 минуттан аспайтын бейне материалдың сілтемесін немесе іріктеуге ұсынатын материалын) elimdegender.kz@gmail.com электронды поштасында жіберуі қажет.
1- 10 қазан аралығында қатысуға өтінім жіберген барша үміткерлер арасында өзін ұсынған номинация бойынша, арнайы құрылған әділ-қазылар алқасы іріктеу өткізеді. Жалпы есепте үздік шыққан 100 үміткер ІІ кезеңге жолдама алады;
ІІ кезең – республикалық қорытынды, 22 қазан 2025 жыл Астана қаласында өтеді (қатысушылар тақырыптың ашылу тереңдігі, мазмұны, сауаттылығы, әдеби мәліметтерді орнымен пайдалануы бағаланады. Қорытынды есепте ұпай санына қосылады).
Жеңімпаздарға қаржылай сыйақы табысталады: бірінші орын – 300 мың теңге, екінші орын – 200 мың теңге, үшінші орын – 100 мың теңге. Жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге. Қатысушыларға арнайы атрибуттармен қамтамасыз етіліп, финалистерге жатын орын мен тамақ беріледі.