Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің стратегиялық даму бағыттары, конституциялық реформалар, цифрлық экономика, жасанды интеллект, кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелері кеңінен қозғалды.
Президентіміз Конституцияның ел өміріндегі тарихи маңызына тоқталып, оны бірнеше ұрпақ арасындағы қастерлі келісім ретінде атап өтті. Сондай-ақ жаңа Конституция еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға және жаңа билік институттарын қалыптастыруға негіз болғанын жеткізді.
Жолдауда цифрлық экономиканы дамытуға және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформалық экожүйелерді дамыту мәселелеріне тоқталды.
Бүгінде цифрландыру тек технологиялық жаңару ғана емес, экономиканың өнімділігін арттырудың, инвестиция тартудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың және кәсіпкерлікті дамытудың маңызды құралына айналды.
Сонымен бірге ауыл мен қала тұрғындарына тең мүмкіндіктер ұсыну, отандық өндірушілерді қолдау және цифрлық платформалар арқылы өнім өткізу жолдарын кеңейту маңызды. Цифрлық экономиканың дамуы әрбір азаматтың табыс табуына, кәсіп бастауына және өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беруі тиіс.
Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту, жолдар мен әлеуметтік нысандар салу, денсаулық сақтау, білім, ғылым және спорт салаларын қолдау елдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды негізі болып табылады.
Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарына үлкен үміт артатынын атап өтіп, Үкіметпен бірлесіп жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу және қабылдау жұмысына белсенді кірісу қажеттігін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама еліміздің инфрақұрылымын жаңғыртуға, өңірлердің әлеуетін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Президенттің айтуынша, құрылыс жұмыстары тек ірі қалалармен шектелмей, облыс орталықтарын, аудандар мен елді мекендерді де қамтуы тиіс. Осы ретте жолдар, әуежайлар, вокзалдар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтарды салу және жаңғыртуға ерекше назар аударылады. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған заманауи оңалту орталықтарын салудың маңызы зор.
Құрылыс саласын дамыту экономикалық өсімге серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өндірісті қолдауға және инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы медициналық қызметтер мен сапалы білімнің қолжетімділігін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.
Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді жаңғырту азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, өңірлер арасындағы даму алшақтығын қысқартуға жол ашады. Әсіресе ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту кәсіпкерлікті өркендетуге және елді мекендердің экономикалық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы – ел экономикасын нығайтуға, өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Тілектес Адамбеков,
Құрылтай депутаты