Электровоздың басқару пультін құрастырады

Электровоздың басқару пультін құрастырады
фото: Василий Крась

Еліміздің ауыр өнеркәсіп саласында орны бөлек Электровоз құрастыру зауытында мыңға жуық адам еңбек етеді. Елордадағы №1 Индустриялық паркте орналасқан кәсіпорында ел теміржолындағы жүк және жолаушылар тасымалы үшін электровоз локомотивтері ғана емес, соның құрамдас бөліктері де жасалып, ішкі және сыртқы нарықтың сұранысына сай өнімдер шығарылады. Осы зауытта 5 жылдан бері еңбек ететін Алмагүл Қайымбекова кәсіпорынның 6 цехының ең маңыздысы – кабель цехында V-разрядты электрмонтаждаушы болып жұмыс істейді.

       Астанаға 15 жыл бұрын Абай облысынан көшіп келген Алмагүл техникалық білімі бойынша бұған дейін түрлі мекемелерде еңбек етіп, бес жыл бұрын зауытқа жұмысқа кірген. Еңбек жағдайы халықаралық стандарттарға сай жасалған, жалақысы жақсы, арнайы көлікпен жұмысқа таситын, түскі асы берілетін, сақтандыру жүйесі бар зауытта ол өзіне жайлы орта тапты. Цехта 12 әйел ауысыммен еңбек етеді. Таңғы 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін 12 сағат 2 күн істеп, одан кейінгі 2 күнде демалады.

     -Біздің кабель цехы – зауыттағы ең маңызды өндіріс орындарының бірі. Себебі машинистер локомотивті жүргізетін басқару пультінің ішкі жүйесін, төмен және жоғары вольтты кабельдерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып,  құрастырамыз. Бұл ұсақ-түйек шаруасы көп, аса мұқияттылықты, тиянақтылықты қажет ететін жұмыс. Сонымен қатар құжаттармен жұмысты да меңгеруің керек, жылдамдық та қажет. Жұмыста электрика механика саласында білім керек. Ол үшін бізді зауыт басшылығы әр 6 ай сайын арнайы мамандарды шақыртып оқытады, жаңа жобалар басталса Францияға да жіберіп, оқытып алады. Күн сайын таңертең зауытқа келгенде жұмыс жоспары белгіленіп тұрады, соның көлеміне сай орындайтын уақыты көрсетіледі, соған сай жұмыс істейміз немесе өзіме дейінгі ауысымдағы әріптестеріміздің бастаған ісін жалғастырамыз, - дейді А. Қайымбекова.

         Электр монтаждаушы маманның айтуынша, әр локомотивке осындай басқару пультінің екеуі қажет. Олар бір пультті жасауға 5 күн уақыт, яғни 160 сағат жұмсайды. Сол аралықта олар бос келген каркасты түрлі электр сымдарымен ретімен толтырып, жалғап, өзін өзі бақылау жүйесінен өткізеді, одан әрі Техникалық бақылау бөлімінің тексеруінен өтіп, жұмыс қабылданады.

        Екі баланың анасы және бүгінде немерелерінің өзі жоғары оқу орнында оқитын кейіпкеріміз зейнет жасына бес жылдай қалғанын айтады. Зауыттағы маңызды жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі маман еліміздің өнеркәсіп саласына өзіндік үлесін қосып жүргенін мақтан етеді. Әсіресе, теміржолдарда жүйткіп бара жатқан электровоздарды көргенде оның әрбірінде өзінің қолтаңбасы бар екенін сезініп, кеудесін мақтаныш сезімі кернейді.