Республика күні – халқымыздың мемлекеттілік тарихындағы айрықша белесті айқындайтын, елдік мұрат пен ұлттық бірегейлікті ұлықтайтын қастерлі мереке.
Республика күні – өткенімізді бағамдап, бүгінімізді саралап, келешегімізге бағдар жасайтын маңызды дата. Оның мәні күнтізбедегі мерекелік күнмен ғана шектелмейді. Бұл – елдік сананы нығайтатын, ортақ жауапкершілікті арттыратын, тәуелсіздіктің қадірін терең сезіндіретін ерекше күн. Мемлекеттің қуаты оның экономикалық әлеуетімен ғана емес, халқының бірлігімен, рухани тұтастығымен, тарихи жадымен және ұлттық құндылықтарына деген құрметімен де өлшенеді.
Ұлттың ұстыны – тіл, рухтың тірегі – мәдениет. Сондықтан қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі қолданысын кеңейту, оны ғылым мен білімнің, технология мен цифрлық кеңістіктің толыққанды тілі ретінде дамыту – елдігімізді нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Ана тілімізді сақтау мен дамыту арқылы біз ұлттық болмысымызды бекемдеп қана қоймай, келер ұрпақтың рухани сабақтастығына да берік негіз қалаймыз.
Бүгінгі міндет – тәуелсіздіктің тарихи жетістіктерін бағалап, оны нақты іспен нығайту. Әр саладағы жауапкершілік, сапалы еңбек, қоғамдық келісім мен ортақ мақсатқа ұмтылыс еліміздің өркендеуіне қызмет етеді. Өйткені мемлекеттің болашағы – барша азаматтың бірлігі мен белсенді ұстанымына байланысты.
Осы мерейлі күні барша отандастарымды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Қазақстанның абыройы асқақтап, халқымыздың бірлігі бекемделе берсін. Әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық пен қуаныш тілеймін!
Республика күні құтты болсын!
Мақпал Жұмабай,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Басқарма төрағасы