Адамның өмір жолын оның атқарған қызметі ғана емес, ұстанған ұстанымы мен елге қалдырған өнегесі айқындайды. Осындай өнегелі жандардың бірі – әскери медицина саласының ардагері, домбыра өнерінің жанашыры, «Ата толғауы этно» ансамблінің жетекшісі Жақсылық Әбдіғалиқызы Тұрғанбекова.
Жақсылық Әбдіғалиқызы 1961 жылдың 1 қыркүйегінде Алматы облысы Жамбыл ауданының Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Түрлі этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан қасиетті мекенде өскен ол бала кезінен бірлік пен сыйластықтың қадірін бойына сіңіріп тәрбиеленді. Текті әулеттен шыққан азаматша Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр» поэмасындағы Қалқаман бабаның тікелей ұрпағы екенін зор мақтанышпен айтады.

Өзі дүниеге келген шаңырақ еңбекқорлық пен адалдықтың үлгісін көрсеткен отбасы болды. Әкесі Әбдіғали Сұлубеков қой қырқудан 1972–1974 жылдары қатарынан үш мәрте Қазақстан және КСРО чемпионы атанып, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі ауыр еңбекпен шыңдалған жан еді. Кейін совхозда ұста болып еңбек етіп, ұзақ жыл бригадир қызметін абыроймен атқарды. Ел құрметіне бөленген азаматтың еңбегі көптеген медальдар және Құрмет грамоталарымен бағаланды.
Анасы Батіш Сазанбайқызы қарапайым сауыншы бола жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол 1970–1985 жылдары Алматы облыстық депутаттық корпусында қызмет атқарып, бірнеше мәрте Қазақ КСР съезінің депутаты болып сайланды. Еңбек жолындағы табыстары үшін «Алтын әріппен жазылған қазақ әйелдері» энциклопедиясына енді. Алты перзент тәрбиелеп, бүгінде ұрпағының қызығын көріп отырған ардақты ана ауылдың ақылшы әжесіне айналды.
Жақсылық Әбдіғалиқызы Алматы қаласындағы республикалық №2 эксперименттік мектепте білім алды. Мектеп қабырғасында төрт жыл бойы домбыраны нота арқылы меңгеріп, ұстаздарының мақтанышына айналды. Сонымен қатар би, хор, гимнастика және балет үйірмелеріне қатысып, мәдени шаралар мен телебағдарламаларға жиі өнер көрсетті. Бұл кезең оның өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастырды.
1979–1981 жылдары республикалық медицина училищесінде фельдшер мамандығын игерді. Еңбек жолын академик А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми-зерттеу хирургия институтының биохимия зертханасында бастап, сегіз жыл қызмет атқарды. Кейін Өтеген батыр кентіндегі орталық аурухананың клиникалық және бактериологиялық бөлімдерінде еңбек етіп, медицина саласында мол тәжірибе жинақтады.
1983 жылы шаңырақ көтеріп, төрт перзент тәрбиеледі. Өмір жолында екі қызынан айырылу секілді ауыр сынақты бастан өткергенімен, тағдырдың қиындығына мойымады. Бүгінде ұлы мен қызының, төрт немересінің ортасында бақытты әже атанып отыр.
Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста оның өмірінде жаңа белес басталды. 1994 жылы өз еркімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің медицина қызметінде он төрт жыл бойы ел қауіпсіздігі жолында еңбек етті. Мінсіз қызметі үшін І және ІІ дәрежелі медальдармен, Төтенше жағдайлар министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Бауыржан Момышұлы төсбелгісімен, әскери бөлімнің 50 жылдық мерейтойлық төсбелгісімен және көптеген марапаттармен наградталды. 2008 жылы құрметті демалысқа шықты.
Алайда зейнеткерлік оның тыныш өмір сүру кезеңіне айналған жоқ. Керісінше, өнер арқылы үлкен буынның өміріне серпін беретін жаңа іс басталды. Домбыра үйретудегі тәжірибесін бағалаған Астана қаласы Байқоңыр ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшылығы арнайы шақырып, жаңа ансамбль құруды ұсынды.
2024 жылдың 20 мамырынан бастап бұрын-соңды домбыра ұстап көрмеген 65 пен 85 жас аралығындағы зейнеткерлерге тұрақты түрде сабақ бере бастады. Бір жылдың ішінде он сегіз қатысушыға бес күй үйретіп шықты. Ұжымға «Ата толғауы» деген атау беріліп, бұл атау қазақтың күй мұрасын жалғастыру идеясын айқын бейнеледі.
Алғашқы кезең оңай болған жоқ. Әр адамның мінезі әртүрлі, есте сақтау қабілеті де өзгеше еді. Соған қарамастан жетекші әрбір қатысушыға ерекше ықыласпен қарап, әзіл мен мейірімді қатар ұштастыра білді. Соның нәтижесінде төрт айдың ішінде ансамбль алғаш рет Ататүрік саябағында халық алдына шығып, ұлттық киіммен үш күй орындады. Бұл өнерпаздардың өміріндегі ұмытылмас белеске айналды.
Бүгінде «Ата толғауы этно» ансамблі Байқоңыр ауданындағы мәдени іс-шаралардың тұрақты қатысушысы. Домбырамен қатар шаңқобыз, қобыз, баян, асатаяқ, тұяқ, төртбұрыш және сылдырмақ секілді ұлттық аспаптарды пайдалану арқылы шығармалардың мазмұны мен көркемдік ерекшелігі тереңдей түсті. Ұжымның өнері көрерменнің ықыласына бөленіп, егде жаста да жаңа кәсіпті меңгеруге болатынын дәлелдеп келеді.
2025 жылы ансамбль Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Достық кілті – бірлікте» халықаралық жобасына қатысып, қазақ халқының ұлттық өнерін шетелде лайықты таныстырды. Өнер ұжымы «Достық кілті – бірлікте» төсбелгісімен және Қырғызстанның Мәдениет министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, елге үлкен абыроймен оралды.
Сонымен қатар Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Қатаркөл» шипажайында өткен ауқымды театрландырылған концерттің ұйымдастырылуына белсенді атсалысты. Бір сағат он бес минутқа созылған музыкалық бағдарламада күйлермен бірге сазгердің әндері де орындалып, көрерменнің зор ықыласына ие болды.
Бүгінде «Ата толғауы этно» ансамблі өзінің екі жылдық белесін еңсеріп, жаңа шығармашылық жоспарларды жүзеге асыруда. Ал Жақсылық Әбдіғалиқызының басты мақсаты – ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу, домбыраның қадір-қасиетін дәріптеу және өнер арқылы аға буынның өміріне жаңа серпін беру.
Өнегелі еңбек жолы, әскери қызметтегі адалдығы, медицинадағы жауапкершілігі мен мәдениет саласындағы ізденісі Жақсылық Әбдіғалиқызы Тұрғанбекованың ғұмырын елге қызмет етудің жарқын үлгісіне айналдырып отыр.
Ақмаржан АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 курс студенті