Астана қаласы Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің отырысы өтті. Жиында 2026–2027 оқу жылына арналған жұмыс жоспары таныстырылып, білім саласының ардагерлерімен бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Отырысты Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Жамбылқызы ашып, жаңа оқу жылында ардагерлердің тәжірибесін білім беру үдерісіне тиімді енгізудің және ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Майра Жаноразқызы 2026–2027 оқу жылына арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Жоспар аясында ардагер ұстаздардың тәжірибесін жас мамандарға жеткізу, жастармен өзара байланысты күшейту және тәрбиелік бағыттағы бірлескен жұмыстарды жандандыру көзделген.

Жиында «Мен және сен: Ұрпақтар диалогы арқылы болашақты бірге жасау» жобасы да таныстырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – ардагерлер мен жастар арасындағы рухани байланысты нығайту, құндылықтар, тәжірибе және пікір алмасу алаңын қалыптастыру. Сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық бірегейлікті заманауи форматта дамытуға бағытталған.
Жобаға білім саласының ардагерлері, ұстаздар мен танымал тұлғалар, сондай-ақ жас мамандар, көшбасшылар және өскелең ұрпақ өкілдері тартылады.
Жоба аясында тікелей диалог, бірлескен іс-шаралар мен заманауи медиа құралдары арқылы аға буынның өмірлік және кәсіби тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге басымдық беріледі.
«Мен және сен» жобасы – кешегі тәжірибені бүгінгі көзқараспен сабақтастырып, болашаққа ортақ құндылықтар негізінде қадам жасауға бағытталған бастама.