Адам еңбегімен көрікті

Адам еңбегімен көрікті

Биылғы Республика күні өмірімде айшықты із қалдырды. Ұлттық мерекемізге арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алдым. Бұл өмірімнің өзегіне айналған ұстаздық еңбегіме берілген ең үлкен баға деп білемін.

Балалық шағым ха­кім Абайдың туып-өскен жерінде өтті. Абайдың үні, Абайдың әні, Абайдың өлеңдері құлағымызға сіңіп, жүрегімізге ұялаған ортада өстік. Ұлы ақынның мұрасы біз үшін жай ғана әдеби дүниелер емес, өмірді танудың, адамды түсінудің, жақсы мен жаманды ажыратудың рухани мектебі еді.

Әлі есімде, 6-сыныпта оқып жүргенімде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының бірінші кітабын қолға алдым. Бүгін ойласам, балалықпен жасалған батыл қадам екен.

Әдебиетке деген сүйіспеншілігімнің оянуына әкемнің ықпалы ерекше болды. Түсінбегенімді түсіндіріп, білмегенімді үйретіп отыратын. Әкем маған көп нәрсе үйретті. Бірақ оның ең үлкен өнегесі – білгенін міндетсінбей, білімін даңғаза етпей, бойына жинаған асыл қазынасын ұрпағының санасына сіңіре білуі. Марқұм әкем тоқсанға таяп барып өмірден өтті. Ғұмырының соңына дейін жастығының астында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Құран кітабы жататын. Осы көрініс көз алдыма келген сайын терең ойға батамын.

Абайға деген құштарлығым, әдебиетке деген сүйіспеншілігім болашақ мамандығымды таңдауыма ықпал етті. Әскерден оралған соң, Шәкәрім атындағы Семей педагогика институтына оқуға түстім. Ол – елімізде тестілеу жүйесі енді енгізіліп жатқан кез. Қазіргідей дайындық орталықтары мен репетиторлар жоқ. Бір қыс бойы өз бетімше дайындалғаным әлі есімде. Қолымнан келгенше іздендім, оқыдым, өзіме сенуге тырыстым. Сол еңбегімнің нәтижесінде армандаған мамандығыма қол жеткіздім.

Ауылға оқуға түскенімді айтып барған күнім әлі күнге дейін көз алдымда. Анамның қуанышында шек болмады. Көзіне жас алып, тебірене сөйлегені жадымда: «Мына тест дегендерің жақсы екен ғой. Әділетті екен. Сен енді мұғалім боласың. Бір қызым мұғалім еді. Енді бір ұлым мұғалім болса деп армандаушы едім» деп шын жүректен қуанды. Ана жүрегінің сол бір қуанышын ешқашан ұмытқан емеспін. Анамның әкесі Сталинград түбіндегі шайқастан оралмаған. Мамандығы мұғалім болған екен. Бәлкім, анамның ұстаздыққа деген ерекше құрметі сол кісінің өмір жолымен де байланысты болған шығар. Қалай болғанда да, анам үшін мұғалім болу – жай ғана мамандық таңдау емес, үлкен сенім мен абыройдың белгісі.

Ең бастысы, анам мұғалім болғанымды көріп кетті. Соған шүкір етемін. Бірақ адам өмірінде «әттең-ай» дегізетін өкініштер де болады екен. Анам жиырма үш жасымда өмірден өтті. Талай белеске әлі жетпеген, талай арманның орындалуына куә болмаған шағымда анамның өмірден өтуі жүрегімде жазылмас сағыныш қалдырды. Содан бері қанша жыл өтсе де, әрбір жетістігімде анамды ойлаймын. Адамның есейгені жүрегіндегі сағынышты азайтпайды екен. Керісінше, уақыт өткен сайын ата-ананың қадірін тереңірек түсінеді екенсің.

Ұстаздық жолым жалғаса берді. Астана қаласында өткен «Үздік педагог» байқауында бірінші орын алуым, мектептің 11-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазып, автор атануым жылдар бойғы еңбектің нәтижесі деп білемін. Бұлардың ешқайсысы өздігінен келген жоқ. Әр жетістіктің артында ізденіс, дайындық, жауапкершілік, кейде өзіңмен-өзің арпалысып, көңіліңе күмән ұялаған сәттерден өту бар.

Ал «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, Германиядағы «Гумбольдт» университетінде тағылымдамадан өтуім – өмірімдегі айрықша кезеңдердің бірі. Жас ұстаздарға осындай мүмкіндіктің жасалғаны, әрине, Тәуелсіздіктің арқасы екені сөзсіз.

Ұстаздық жолымның келесі бір берекелі белесі – Астанадағы Қаныш Сәтбаев атындағы №61 мек­теп-лицейді басқаруым. Мектепке ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімін беру, білім ордасын орта мектептен лицей деңгейіне көтеру – үлкен ізденісті, табандылықты және ұжымдық жұмысты қажет ететін жауапты іс.

Қаныш Имантайұлының өмірі мен ғылыми мұрасын тереңірек таныту мақсатында мұғалімдерге «Қаныш және ғылыми майдан» кітабын оқытқаным әлі есімде. Кітапты оқып шығумен ғана шектелмей, түстен кейін ұжымды жинап, оқығандары бойынша талқылау мен сұрақ-жауап ұйым­дастыратынбыз. Мұндағы мақсат – біреуді сынау немесе білімін тексеру емес, ғұлама ғалымның өмір жолын терең түсіну, оның ел алдындағы жауапкершілігін, ғылымға деген адалдығын үлгі ету.

Мен үшін мектеп басқару тек әкімшілік міндеттерді орындау емес. Ол – ортақ құндылық қалыптастыру, ұжымның рухын көтеру, әр мұғалімнің бойындағы қабілетті аша білу, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау. Мектептің атағы оның маңдайшасындағы жазумен емес, ішіндегі адамдардың еңбегімен, білім сапасымен, тәрбиесімен өлшенетінін жақсы түсіндім.

Артымда берекесі жарасқан ұжым тұрды. Ұжым маған сенді, мен ұжымға сендім. Өзіме жүктелген міндетті, әріптестер мен оқушылар алдындағы жауапкершілігімді адал атқаруға тырыстым. Барлық істі мінсіз орындадым деп айта алмаймын. Алайда әрбір шешімімнің, әрбір бастамамның түпкі мақсаты білім ордасының дамуы мен балалардың болашағы болғанына сенімдімін.

Хакім Абай адамға белгілі бір уақыт сайын өзіне есеп беріп отыруды өсиет етеді. Осы сөздің мәнін жылдар өткен сайын тереңірек түсініп келемін. Мен де өзіме есеп беруге дағдыланған жанмын. Бірақ ол есепті бі­реуге жария ету үшін емес, өз ар-ұятымның алдында үнсіз таразылау үшін жасаймын. Қандай іс тындырдым? Кімге пайдам тиді? Қандай мүмкіндікті пайдалана алмадым? Қай тұста кемшілік жібердім? Ертең бүгінгіден жақсырақ болу үшін не істеуім керек? Осындай сұрақтар адамды тоқмейілсуден сақтап, үнемі ізденуге жетелейді. Бүгінгі жеткен биігің – ертеңгі жолыңның соңы емес, керісінше, жаңа жауапкершіліктің бас­тауы. Бүгін сол үнсіз есептің бір бөлігін жұртшылықпен бөлісуді жөн көрдім. Бұған себеп те бар.

Ұстаздық жолындағы көп жылғы еңбегім мемлекет тарапынан бағаланды. Биыл Республика күні қарсаңында Ақордада Мемлекет ­басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алу бақыты бұйырды. Бұл – мен үшін өмірімдегі ең айтулы сәттердің бірі. Ақорда төрінде мемлекеттік марапатқа ие болу, Президент оркестрінің салтанатты әуені, Қарулы Күштер сарбаздарының сап түзеп құрмет көрсетуі – бәрі де жүрекке ерекше әсер қалдырды. Мұндай сәттің салмағын сөзбен жеткізу оңай емес. Өйткені ол жерде жеке адамның қуанышынан гөрі тұтас бір ғұмырдың, жылдар бойғы еңбектің, таңдаған мамандығыңа адалдықтың мәні басым тұрады.

Бір қызығы, марапатты Мем­лекет басшысының қолынан ал­ған сәтте мен өзім ойлағандай қатты толқымадым. Бәрін сабыр­мен қабылдадым. Мүмкін, бұл марапатты ұзақ жылдар бойы күткендіктен болар. Мүмкін, адам еңбегінің бағаланатынына іштей сенгендіктен шығар. Әлде сол сәтте көңілімде толқудан гөрі терең бір тыныштық орнады ма екен? Бірақ салтанатты рәсім аяқталып, өз ойыммен оңаша қалған кезде жүрегімнің түкпірінде жатқан ең аяулы естеліктер оянды. «Бір қызым мұғалім еді. Енді бір ұлым мұғалім болса деп армандаушы едім» деп, қуаныштан көзіне жас алған анамның бейнесі көз алдыма келді. Сол сәтте Ақорда төрінде алған марапатымның мәні мен үшін мүлде басқаша ашылғандай болды. Кеудемді бір сағыныш кернеді...

Өмірде әркімнің өз жолы бар. Біреу биікке ерте көтеріледі, біреу ұзақ ізденеді. Біреу еңбегінің жемісін көреді, біреу сол жемістің дәмін тата алмай кетеді. Алайда адал еңбектің ешқашан мәнін жоғалтпайтынына сенемін. Оның нәтижесі кейде марапатпен өлшенсе, кейде шәкірттің жетістігімен, кейде бір адамның алғысы немесе жүрегінде қалған жақсы естелікпен бағаланады.

Менің де бар тілегім – осы жолда жинаған тәжірибем мен жеткен жетістіктерім кейінгі буынға үлгі болса екен. Жас ұстаздар мамандығына сеніммен қарап, еңбектенудің қадірін түсінсе екен. Атақ пен марапатты мақсат етпей-ақ, өз ісіне адалдық танытып, білім мен тәрбиені қатар ұстанса екен деген ой. Өйткені ұстаздың шынайы абыройы – оның атағында ғана емес, шәкіртінің жүрегінде қал­дырған ізінде.

Бүгінгі қуанышым бір адам­ның ғана қуанышы емес. Бұл – мені тәрбиелеген ата-анам­ның үміті, бірге еңбек еткен әріптестерімнің еңбегі, ұстаздық жолда маған сенім артқан жандардың қолдауы, шәкірттерімнің жетістігінен алған рухани қуанышымның ортақ жемісі.

Өміріме көз жүгірткенде, тағ­дырыма өкпе артар тұсым­нан гөрі шүкір етер сәттерімнің көп екеніне қуанамын. Ата-анамның тәрбиесін көрдім. Армандаған мамандығыма қол жеткіздім. Елге қызмет еттім. Шәкірт тәрбиеледім. Ұжыммен бірге талай істі атқардым. Еңбегім еленді. Мұның бәрі – маған берілген бақ пен аманат. Ендігі мақсатым – сол аманатқа адал болу.

Адал еңбек адамды биікке көтереді. Ал сол биікте адам болып қалу – одан да үлкен міндет.

Ернұр ОМАРХАНОВ,

Астана қаласы №8 мектеп-­лицей директоры,

«Қазақстанның еңбек ­сіңірген ұстазы»

құрметті атағының иегері