Біздің басты міндетіміз – әрбір сайлаушының конституциялық құқығын жүзеге асыруына жағдай жасау

Біздің басты міндетіміз – әрбір  сайлаушының конституциялық құқығын  жүзеге асыруына жағдай жасау

Елордада Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына да­йындық жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Сайлау науқанының әзірлік барысы, азаматтардың сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерін тексеру мүмкіндігі және барлық санаттағы сайлаушылар үшін жасалып жатқан жағдайлар туралы Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Қ. Жұмабеков мәлімдеді.

Комиссия төрағасының айтуынша, сайлауға дайындық жұмыстары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына және бекітілген ұйым­дастыру іс-шараларына сәйкес жүргізілуде.

– Астана қаласында 520 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған, оның ішінде 403 сайлау учаскесі азаматтардың тіркелген жері бойынша, 117 сайлау учаскесі азаматтардың уақытша болатын орындарында орналасқан. Учаскелік сайлау комиссияларының құрамын жасақтау жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда комиссиялар сайлауға дайындық жөніндегі күнтізбелік жоспарға сәйкес жұмыстарды жүргізуде, – деді Б.Қ. Жұмабеков.

Сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылуда. Сайлауға дайындық пен оны өткізу барысы, сайлау комиссияларының шешімдері, сайлау заңнамасына қатысты түсіндірмелер және өзге де ресми ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының ресми интернет-

ресурсында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тұрақты түрде жарияланып келеді.

Дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі – сайлаушылар тізімін нақтылау. 2026 жылғы 2 тамыздан бастап барлық учаскелік сайлау комиссиялары азаматтарды қабылдай бастайды. Әрбір елорда тұрғыны өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексеріп, дауыс беру орны туралы мәлімет алып, қажет болған жағдайда, өз деректерін нақтылай алады.

Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігі нақты уақыт режимінде өзінің сайлау учаскесі туралы мәліметті келесі тәсілдер арқылы алуға мүмкіндік береді:

• https://sailau.astana.kz/ ресми веб-сервисі арқылы;

• https://t.me/sailau_astana_bot Telegram-боты арқылы;

• iKomek бірыңғай байланыс орталығының 109 нөмірі арқылы.

– Сайлаушылар тізіміне енгізудің негізгі шарты – азаматтың тиісті сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша тіркелуі. Сондықтан әрбір азаматқа тіркеу деректерін алдын ала тексеріп, қажет болған жағдайда, оларды уақытылы түзетуді ұсынамыз, – деді комиссия төрағасы.

Егер сайлаушы дауыс беру күні өзінің тіркелген жерінен тыс жерде болса, заңнамада дауыс беру құқығын қамтамасыз ететін есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін азаматтар алдын ала өздерінің учаскелік сайлау комиссиясына жүгініп, белгіленген тәртіппен есептен шығару куәлігін рәсімдей алады. Бұл құжат барған жері бойынша дауыс беруге мүмкіндік береді.

Сайлауға дайындық барысында ерекше назар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуына қолайлы жағдай жасауға аударылуда.

– Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп құрылған жұмыс тобы сайлау учаскелері орналасқан нысандардың қолжетімділігіне тұрақты мониторинг жүргізуде. Пандустардың, тұтқалардың, ыңғайлы кіреберістердің және кедергісіз ортаның өзге де элементтерінің болуы тексерілуде. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль қарпімен дайындалған трафареттермен, үлкейткіш әйнектермен, аудиоматериалдармен және басқа да арнайы құралдармен сайлау учаскелерін қосымша жабдықтау мәселесі қарастырылуда, – деді

Б.Қ. Жұмабеков.

Комиссия төрағасының айтуынша, сайлау комиссиясының негізгі мақсаты – сайлауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ашық, әділ және жоғары ұйым­дастырушылық деңгейде өткізу.

– Елорда тұрғындарын сайлаушылар тізіміндегі өз деректерін алдын ала тексеруге, дауыс беру учаскесін нақтылауға және өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін сайлауға белсенді қатысуға шақырамын. Әрбір азаматтың дауысы – еліміздің демократиялық дамуына қосылған маңызды үлес, – деп түйіндеді Астана қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Қ. Жұмабеков.