Бірқатар жобаны талқылады

Бірқатар жобаны талқылады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын алдында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден осыған дейін Қоғамдық кеңестің төрағасы болған Зулфухар Ғайыповты жаңа қызметке тағайындалуына байланысты құттықтады.

Өз сөзінде мәслихат төрағасы Зулфухар Сұлтанұлының елорда мен оның тұрғындарына ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткенін атап өтті. Қоғамдық кеңестің ардагер мүшелері мен аға буын өкілдері де З.Ғайыповқа ізгі тілегін арнап, әріптестері атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Одан кейін кеңес мүшелері бірқатар нормативтік-құқықтық актінің жобаларын қарады. Отырысты Астана қаласы Қоғамдық кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Кәрімбек Құрманәлиев жүргізді. Атап айтқанда, салық салу мақсаты үшін жерлерді аймақтарға бөлу схемасы мен жер салығының базалық мөлшерлемелерін арттыру (төмендету) пайыздары туралы жаңа шешім жобасы, сондай-ақ осы мәселеге қатысты 2018 жылғы мәслихат шешімінің күшін жою қарастырылды. Сонымен қатар елорданың көлік инфрақұрылымын басқару және пайдалану қағидаларын, көлік инфрақұрылымы объек­тілерін басқаруға беру тәртібін, жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және пайдалану қағидаларын бекіту мәселелері талқыланды. Бұған қоса, Астана қаласы әкімдігінің жекелеген қаулыларының күшін жою туралы жоба қаралды.