«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында елорданың №95 мектеп-лицейінің педагогтеріне «Мектептегі қауіпсіздік: кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы педагогтің рөлі» тақырыбында профилактикалық дәріс өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дәрісті қалалық прокуратура ұйымдастырды. Іс-шара барысында буллинг пен кибербуллингтің, бопсалаудың, балаларды есірткі заттарын таратуға және дропперлік схемаларға тартудың, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу мәселелері қаралды.

Педагогтерге баланың мінез-құлқынан алаңдататын өзгерістер байқалса, не істеу керектігі түсіндірілді. Атап айтқанда, баламен сенімді байланыс орнату, жағдайды тіркеу және бұл туралы жауапты мамандар мен тиісті органдарға дер кезінде хабарлау жолдары айтылды.
Педагогтің міндеті өз бетінше тергеу жүргізу емес, қауіп белгілерін дер кезінде анықтау, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті шараларды қабылдау екеніне ерекше назар аударылды.
Іс-шара педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын нығайтуға бағытталды.
#законипорядок #заңментәртіп