Бүгін елорда әкімдігінің республикаға таралатын қоғамдық-саяси басылымы – «Астана ақшамы» газетінің 5 000-ыншы нөмірі қолыңызға тиіп отыр. Осыдан 35 жыл бұрын, дәлірек айтқанда, 1990 жылдың 13 қазанында Целиноградта «Ақмола ақиқаты» деген атпен алғаш рет қазақ тіліндегі қалалық газеттің жарыққа шыққанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Қазір «Elorda aqparat» медиахолдингі құрамындағы «Астана ақшамының» тарихы осы басылымнан бастау алады.
Әр бетіне Ақмола өңірінің шежіресін қаттап, жаңалықтың жаршысы, оқырманның олжасына айналған басылым тәуелсіз еліміздің тағдырлы кезеңдерінің куәсі әрі шежірешісі іспеттес. Халық депутаттары қалалық советі мен Қазақстан КП Целиноград қалалық комитетінің үні «Ақмола ақиқаты» газеті болып ашылған жаңа басылым қазақ тілінің өрісі тарылып, беделінің бедері кете бастаған тұста алғашында аптасына бір рет жарық көрді. 1998 жылдың қаңтарында «Ақмола ақшамы», кейін «Астана ақшамы» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды. Осы жылдар ішінде оның әрбір нөмірінен облыс орталығындағы жаңалықтар, әлеуметтік-экономикалық жағдай, қоғамдағы өзекті мәселелермен бірге елорда атауының қайта жаңғыруы, Астананы көшіру туралы тарихи шешім, қаланың қалыптасуы мен дамуындағы барлық маңызды уақиғалар айқын көрініс тапты.
Тарихқа көз жүгіртсек, 18-ақ пайызы қазақ болған Целиноградта «Ақмола ақиқаты» деген атаумен жарық көрген басылым бүгінде қол жеткен жетістіктерді көрсетіп қана қоймай, қала тіршілігінде орын алған кейбір кемшіліктерге сыни көзбен қарай отырып, тың тақырыптарды қаузап, оқырманмен кері байланыс орнатып, олардың ой-пікірін жиі жариялайтын мазмұнды да беделді басылымға айналды. Ол бірнеше мәрте ұлттық және халықаралық деңгейдегі марапаттарға ие болып, кәсіби деңгейін биіктетіп, жаңа медиа кеңістігінде лайықты орын алды. Атап айтсақ, 2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанды. Басылым 2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты мен «Нұр-Сұңқар» сыйлығын иеленді.
35 жылдың ішінде газеттің танымалдығы артып, таралымы көбейді. Бүгінде ұлт ұпайын түгендеген қаланың басты басылымы өз жолына адал болып, ел намысының жалауын жықпай, желбіретіп келеді. Бұл ретте әр жылдарда газетке басшылық еткен редакторлардың, осы ұжымда қызмет атқарған қаламы жүйрік журналистер мен барлық шығармашылық ұжымның табанды еңбегі, маңдай тері мен машақаты, басылым беделін көтеру бағытындағы үлесі ерен, ерекше. Мұндағы қызметкерлердің дені – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты.
Жалпы, газет даму мен өркендеуге қызмет ететін қайталанбас институт болса, сол институттың негізгі миссиясы – қарапайым халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ағартушылық пен идеологиялық қызмет атқару, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, жоқшысы мен рухани серігі болып қалу. Осы тұрғыдан алғанда, біздің басылым бүгінге де, болашаққа да адал қызмет ететін, жүрісінен жаңылмайтын, бағдарынан адаспайтын ақпарат компасы деуге лайықты. Сондай-ақ бұл басылым – Мемлекет басшысының үзбей қарайтын және міндетті түрде оқитын газеттерінің қатарында. Мұның өзі – газет үшін зор мақтаныш әрі бүкіл ұжымға артылған үлкен сенім мен жауапкершілік.
Қазіргі таңда ұлағатты ұстаным мен үздік үрдісті үзбей жалғап келе жатқан «Elorda aqparat» медиахолдингі құрамындағы «Астана ақшамы» газетінің редакция өкілдері директор Олжас Сыдықбектің жетекшілігімен бас қаланың басты ақпарат көзіне айналып, оқырман ықыласына бөленіп отыр. Заман талабына ілесіп, олардың әлі талай биіктерді бағындырары анық. Ендеше, шаһар шежіресін қалыптастырған газетіміздің мерейлі белесі құтты, ғұмыры ұзақ болғай!