Бас қаланың қарқынды қадамдары

Бас қаланың қарқынды қадамдары
фото: Оңалхан Өнерхан

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында елорданың Сарайшық ауданының ұйымдастыруымен Астана күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, мемлекет және қоғам қайраткері, Астананың қалыптасуына үлес қосқан азамат, Астана қаласының Құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қатысып, сөз сөйледі.

Сарайшық ауданының әкімі Мақсат Саматұлы жиналғандарды Астана күнімен құттықтады.

«Бүгінде Астана – әрбіріміздің мақтанышымыз, тәуелсіз еліміздің өркендеуінің жарқын көрінісі. Мұнда маңызды мемлекеттік бастамалар жүзеге асып, заманауи инфрақұрылым қалыптасып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игі жобалар іске асырылуда. Бас қаламыз қарқынды дамып, келешекке нық қадам басып келеді. Биыл елордамыздың 28 жылдығын атап өтудеміз. Бұл – жай ғана уақыт өлшемі емес, өздеріңіз сияқты мыңдаған азаматтың қажырлы еңбегімен, адал қызметімен жазылған табыстың тарихы. Әрбір салынған мектеп, әрбір бой көтерген тұрғын үй, әрбір саябақ пен қоғамдық кеңістік – ел игілігі үшін еңбек еткен жандардың маңдай терінің жемісі» деді ол. 

 

Жиын барысында табысты еңбек етіп, елорданың, аталмыш ауданның өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Мерекелік концерт ұйымдастырылып, ән-күй әуеледі.