Өмір жолыңда Алла жолықтырған рухың туыс жақсының да, көңілің қалған жаманның да саған берер сабағы бар. Берерін беріп, аларын алып болған соң, жолайрығында өз соқпағын табады. Бәріне алғыс айтуымыз керек. Сынақ болып кезіккеніне де, сабақ беріп кеткеніне де... Кездейсоқ ештеңе жоқ.
Әнші Роза Әлқожаның «Бәріңе алғыс» атты мерейтойлық концертінде отырып басыма осындай ой келді.
Бұл бір өмірлік пәлсапаны ұқтырған, әнмен тербеп, санаға көп ой салған керемет кеш болды. Форматы ұнады. Еркін. Қасиетті сахнаның үсті мен сол сахнаны қадірін арттырған халық арасында кедергісіз кеңістік орныққандай, көңілге жайлы, жүрекке жақын. Тыңдарманның бәрі туыс, көрерменнің барлығы көзтаныс жандар сияқты. Ортада ешқандай кедергі жоқ. Бір-бірін талай жылдан танитындай.
Мерейтойлық концертті Роза Әлқожаның ұлы мен қызының жүргізуі – әсем әуен шарықтаған сазды кешке жылылық сыйлай түскендей әсер етті. Бәрі де жарасымды. Әуез бен Роза Әлқожаның әлемі... Әнші осы арқылы бірінсіз-бірін елестете алмайтынын көрсеткендей.
Әпкесіне келе алмайтынын айтып, бірақ сахнаға тосыннан бір құшақ гүлін құшақтап інісі Әбдіжаппар Әлқожа шыға келген сәт – көптеген көрерменнің көңілін толқытты. Көзге жас үйірді. Гүлін сыйлап тұрып, «Әпке» деп ән салғанының өзі – осы әннің символдық мәнін аша түскендей.
Керемет кеш! Әуезді ән жүректі тербеді. Табиғи, жасандылығы жоқ болмысы – әншіні барша тыңдарманға жақындата түсті. Әуезе әніңмен сан мыңдаған тыңдарманыңның жүрегін тербете бер, Роза Әлқожа!
Бағдагүл Рахметқызы, журналист