«Астана — келесі Дубай немесе Сингапур!»

«Астана — келесі Дубай немесе Сингапур!»
фото: видеоскрин

«Астана — келесі Дубай немесе Сингапур!» — деп мәлімдеді Баладжи Сринивасан Сингапурде өткен конференцияда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сонымен қатар ол Астананың өте әдемі, абаттандырылған, ерекше таза әрі таңғаларлық қала екенін атап өтті. Бұл — америкалық танымал IT-стратег, Coinbase криптобиржасының бұрынғы технологиялық директорының жеке әңгімеде емес, The Network State Conference 2026 конференциясындағы ресми сөзінде айтқан пікірі.

Іс-шара Сингапурдегі Marina Bay Sands кешенінде өтіп, оған шамамен 3 500 адам офлайн форматта қатысты. Олардың қатарында:

Виталик Бутерин (Vitalik Buterin) — Ethereum блокчейнінің негізін қалаушылардың бірі, криптовалюта әлеміндегі аңызға айналған тұлға. Ethereum экожүйесі жаһандық криптоиндустрияның негізгі инфрақұрылымдарының бірі саналады. Оның нарықтық капитализациясы 300 млрд доллардан асады.

Ричард Тенг (Richard Teng) — әлемдегі ең ірі криптовалюта платформасы Binance басшысы. Платформаның пайдаланушылар саны 300 миллионнан асады. Іс жүзінде ол цифрлық активтер нарығындағы ең ірі ойыншылардың бірін басқарады.

Олаф Карлсон-Ви (Olaf Carlson-Wee) — криптоиндустриядағы алғашқы әрі ірі венчурлық қорлардың бірі Polychain Capital компаниясының негізін қалаушы және басшысы.

Бір қызығы, Баладжи Сринивасан конференцияға жиналған, арасында ауқатты инвесторлар да бар қатысушыларды Alatau City жобасына инвестиция салуға шақырды. Оның пікірінше, бұл жобаның әлеуеті зор.

Осындай деңгейдегі тұлғаларды бір алаңға жинау — дәстүрлі бизнес-форумдардың көпшілігі үшін оңай шаруа емес. Ал олардың Қазақстанға келіп, Alatau City жобасын талқылауы және еліміз туралы оң пікір білдіруі Қазақстанның әлемдік технологиялық элитаның назарын аударуына мүмкіндік береді.

Бұл ретте Премьер-Министрдің орынбасары Мәди Тәкиевтің емес, Жаслан Мәдиевтің рөлін ерекше атап өткен жөн. Ол еліміздің халықаралық технологиялық ортадағы танымалдығын арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Баладжи Сринивасанмен байланыс орнатуға да ықпал еткен — осы жұмыс.

Қазақстанның технологиялық және инвестициялық орталыққа айналу мүмкіндігі туралы әңгіме енді жай болжам ғана емес, халықаралық деңгейде талқыланып жатқан тақырыпқа айналып келеді.