Астана қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған ерекше әлеуметтік бастама – «Әке ана, терезені жапшы» атты челлендж бастау алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Челлендждің басты мақсаты – балалардың терезеден құлау фактілерінің алдын алу, бүлдіршіндердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Балабақшаларда тәрбиешілер тәрбиеленушілермен қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, үйде, аулада және көпқабатты тұрғын үйлерде сақталуы тиіс қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар ережелерді түсіндірді. Әсіресе, ашық терезенің қауіптілігі, терезе маңында ойнамау және оған жақындамау қажеттігі балаларға олардың жас ерекшелігіне сай ойындар мен танымдық іс-шаралар арқылы жеткізілді.
Челлендждің ең әсерлі тұсы – балалардың өздерінің ата-аналарына үндеу жасауы. Олар: «Әке ана, терезені жапшы», «Менің қауіпсіздігім – сіздердің қолдарыңызда» деген жүрекжарды сөздер арқылы үлкендерді қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырды.
Бұл бастама – жай ғана челлендж емес. Бұл – әрбір бүлдіршіннің ата-анасына айтқан ең маңызды өтініші. Себебі, бала өз қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алмайды. Оның өмірі мен амандығы – ең алдымен ересектердің жауапкершілігінде.
Осыған орай, қалалық Білім басқармасы барлық ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, терезелерге арнайы қорғаныс құралдарын орнатуға, жиһазды терезе алдына қоймауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Бір сәттік ұқыптылық – бір баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін.