Елордада 471 мың жеке көлік тіркелген. Жыл сайын олардың саны 25-30 мыңға артады. Күн сайын қалаға шамамен 150 мың автокөлік кіріп-шығады. Мұның бәрі шаһардың көлік жүйесіне салмақ түсіріп, кептеліс тудырады және жылдан жылға экологиялық ахуалды нашарлата түседі. Осы ретте халықтың көп бөлігін жеке көлігінен түсіріп, жаппай қоғамдық көлікке мінгізу мәселесі туындайды. Қала әкімдігі осы мақсатта автобус паркін толықтырып, биылдан бастап рельс үстіндегі көлік желісін іске қосты. Алайда соған сай жеке көлік азайып, автобусқа мінетін халық көбейді ме?
Қоғамдық көлікпен жүру дегеніміз – тұрғындардың бір жерден екінші жерге жету мәселесі ғана емес, қаланың көлік жүйесінің тұрақтылығы, жолдағы кептеліс, экология және қала тұрғындарының уақытын үнемдеу мәселесі. Астананың аумағы мен халқы өсіп келе жатқан жағдайда жеке автокөлікке ғана сүйену жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені арттырады. Сондықтан қоғамдық көлік жеке автомобильге балама болатын деңгейге жетуі маңызды.
Біріншіден, бұл жерде кептелісті азайту мәселесі тұр. Бір автобус ондаған жолаушыны тасымалдай алады. Ал жеке көлікпен әрі кетсе 4 адам ғана тасымалданады, бірақ олар жол бойында орынды көп алады. Егер халықтың көбі қоғамдық көлікпен жүрсе, кептеліс те және ауаға бөлінетін зиянды қалдықтар да едәуір азаяр еді.
Екіншіден, уақытты үнемдеу. Егер автобустардың қозғалысы тұрақты болып, арнайы автобус жолақтары тиімді жұмыс істесе, жолаушы кептеліске тәуелділігін азайта алады. Үшіншіден, қала инфрақұрылымын тиімді пайдалану. Жол қайта-қайта кеңейтіле бермейді. Сондықтан қолданыстағы жол кеңістігімен көбірек адам тасымалдау маңызды. Төртіншіден, экология жайы. Қоғамдық көлікке сұраныстың артуы жеке автомобильдер санын және соған байланысты көлік шығарындыларын азайтуға ықпал етеді. Бесіншіден, әлеуметтік қолжетімділік. Автокөлігі жоқ тұрғындар, студенттер, зейнеткерлер, балалар, табысы төмен азаматтар және басқа тұрғындар үшін қоғамдық көлік қаладағы жұмыс, оқу, медицина және басқа қызметтерге қол жеткізудің негізгі құралы. Алтыншыдан, қала экономикасы. Қызметкерлердің жұмыс орындарына, ал тұрғындардың сауда, білім беру және медициналық нысандарға тұрақты жетуі қаланың экономикалық белсенділігіне әсер етеді.
Жолаушыға ыңғайлы ма?
Жолаушының жеке көліктен түсіп, автобусқа өз қалауымен мінуі үшін қоғамдық көлік қандай болуы керек? Ол үшін автобус интервалы, жолаушы көлікті қанша уақыт күтетіні, межелі нүктесіне дейінгі жол жүру уақыты, үйінен немесе жұмыс орнынан аялдамаға дейінгі қашықтық, жол жүрудің қаншалықты қолжетімді екендігі, автобустың толымдылығы, ішінде қаншалықты жайлы екені, маршруттар саны, қаланың қанша бөлігін қамтитыны, ауысып міну саны, кептелістегі қозғалыс, автобустың уақыт тұрақтылығы, жылы аялдамалардың болуы сияқты факторлар маңызды.
Қазір елордада көше-жол желісіне артып келе жатқан жүктемені ескере отырып, Көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы іске асырылып жатыр. Bus Lane арнайы автобус жолақтары 146 шақырымды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артты. Соңғы бірнеше жылда автобус парктеріндегі жылжымалы құрам саны 60 пайызға 1 200 автобустан 1 900 автобусқа дейін көбейді. Биыл тағы 80, келесі жылы 350 автобус алынады. Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі дамуына қарай оны автобус маршруттарымен және көліктік-логистикалық тораптармен интеграциялау жүзеге асырылатын болады. Жақында Үкіметте өткен отырыста қала әкімі 2030 жылға қарай қоғамдық көлік пайдаланушыларының үлесі 60 пайызға дейін артатыны туралы болжамды айтты. Жаңа автобустардың көбеюі аялдамадағы күту уақытын қысқартуға, жаңа бағыттар ашуға және ескі автобустарды кезең-кезеңімен ауыстыруға мүмкіндік береді. «Бағдарламаның міндеттерінің бірі – қарбалас уақытта қозғалыс жылдамдығын арттыру, жайлылық пен қолжетімділікті жақсарту арқылы қоғамдық көлікті пайдалану үлесін ұлғайту» деп атап өтті ол. Бүгінде қалада автобустарды күн сайын 1,2 млн адам пайдаланады, шамамен бір жарым жыл бұрын бұл көрсеткіш 800 мың болған.
Қыста қолайлы болу үшін 2015 жылдан бастап қалада жылы аялдамалар қойылып, олардың саны бүгінде 300-ден асты. Жазда қалалық көлік таңғы сағат 06.00-ден кешкі 22.30-ға дейін арасына 10-15 минут салып жүреді.
Әлемде қалай?
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) қоғамдық көліктің сапасын бірнеше көрсеткіш арқылы бағалайды. Соның бірі – тұрғындардың қоғамдық көлік аялдамасына 10 минут ішінде жаяу жете алуы. 2024 жылғы OECD дерегіне сәйкес ірі және орташа функционалдық қалалық аумақтарда халықтың орта есеппен 71%-ы қоғамдық көлік аялдамасына он минуттық жаяу қашықтықта орналасқан. Еуропа мен Азия-Тынық мұхитының 12 елін қамтитын топта бұл көрсеткіш шамамен 90%-ға жетеді.
Тағы бір маңызды өлшем – 30 минутта қоғамдық көлікпен қанша адамға немесе нысанға жетуге болатыны. OECD әдістемесінде бұл көрсеткіш автомобильмен отыз минутта жетуге болатын мүмкіндіктермен салыстырылады. OECD елдері бойынша қоғамдық көлікпен отыз минутта жететін халық саны автомобильмен баратын көрсеткіштің шамамен төрттен біріне тең. Ал Дания, Корея және Швейцария сияқты елдерде бұл арақатынас 50% немесе одан жоғары.
Сингапурда қоғамдық көлік жеке көлікке балама ретінде қалалық жоспарлаудың негізгі элементтерінің бірі болып саналады. 2022 жылы қалада бір тұрғынға шаққандағы қоғамдық көлік сапары 348 болған. Гонконгта қоғамдық көлік жүйесі жолаушылардың өте жоғары ағынымен ерекшеленеді. 2022 жылы бір тұрғынға шаққанда жылына 409 қоғамдық көлік сапары тіркелген. Гонконгтың ерекшелігі – метро, автобус және басқа көлік түрлерінің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі.
Тұрғындар пікірі қандай?
«Менің жеке көлігім бар, сондықтан күнделікті жұмысқа да, басқа шаруаларыма да көбіне көлікпен барамын. Біріншіден, бұл маған уақыт жағынан ыңғайлы. Қай уақытта шығатынымды өзім жоспарлаймын, маршрутты да жағдайға қарай өзгерте аламын. Екіншіден, Астанада қыста ауа райы қолайсыз болған кезде автобус күту немесе аялдамаға жаяу бару қиын. Таңертең және кешке автобустардың адамға толып кететін кездері де болады. Үшіншіден, кейбір бағыттарда бір жерден екінші жерге жету үшін автобус ауыстыруға тура келеді. Ал көлікпен бірден барамын. Сондықтан қазіргі таңда қоғамдық көлікке толық ауысуға себеп көріп тұрған жоқпын» дейді жеке көлік иесі, елордалық Айдос Арынов.
Қоғамдық көлікті көбейту мәселесін шешу үшін бұған дейін қалада «автобустар сағаттың тілімен бірдей жылдамдықта жүретін болады, сағат сияқты жұмыс істейді» деп бастама көтерілген. Сол бастама әлі толық жүзеге аспады.
– Біріншіден, кептеліс, екіншіден, көлік жүргізушілері жетіспейді. Автобус күтетін адам көп. Қоғамдық көліктің ішіндегі тәртіпті де қолға алу керек. Мысалы, бір адамдар телефонының даусын қатты шығарып тыңдайды, келесі адам ескерту айтса, екеуінің арасында жанжал туады. Өз басыма қоғамдық көлікте сондай мәселе өте жайсыздық тудырады. Сонымен қатар «қояндар» мәселесі де әлі бар. Бұл қала тұрғындарының мәдениетінің төмендігін білдіреді. Сол мәселелердің бәрін біртіндеп шешу керек. Дегенмен Астанада басқа өңірлермен салыстырғанда қоғамдық көлік өте жоғары деңгейде дамыған. Халықаралық стандарттар бойынша жүзеге асырылады. Цифрландыру жағынан да артықшылықтары көп. Мұндай нәрсе көп елде жоқ. Автобустың өзінің жолы бар. 18 жасқа дейінгі оқушылар тегін жүреді. Басқа да әлеуметтік топтарға жеңілдіктер қарастырылған. Оны әр қаланың билігі өзі шешеді. Сол жағынан елорда басшылығы тегін қылып беріп отыр. Кейде үлкен халықаралық іс-шаралар кезінде кешкі шатл-маршруттар ұйымдастырылады. Жылдам жүретін және қала маңы тасымалы жұмыс істейді. Әкімдік қаланың үлкейіп келе жатқанына қарай бәрін қамтуға тырысып жатыр, – дейді елорда тұрғын Ербол Баймаханов.
Ал Мадина Жұмағұлова есімді елордалық жеке көлігі жоқ екенін, күнделікті қалада қатынау үшін автобусқа әбден үйреніп қалғанын айтады.
– Өзіме автобуспен жүрудің тиімді тұстары көп. Ең алдымен, көлік жүргізіп, жолдағы жағдайға алаңдамаймын. Автобуста келе жатып, жұмысқа қатысты шаруаларымды қарап немесе телефонмен сөйлесіп үлгеремін. Қазір маршруттарымды да жақсы білемін, қай уақытта қай автобус келетінін шамамен жоспарлап қоямын. Кей бағыттарда Bus Lane болғандықтан, автобуспен жүру көлікпен кептелісте тұрғаннан тиімдірек. Әрине, қарбалас уақытта адам көп болатын кездері бар. Бірақ мен үшін қоғамдық көлік күнделікті қалыпты әдетке айналды. Сондықтан жеке көлік сатып алсам да, оны күн сайын мінуге міндетті түрде ауыспас едім» дейді ол.
P.S:Астаналықтардың қоғамдық көлікке көзқарасы әртүрлі. Жеке көлік иелері үшін қозғалыс еркіндігі, жайлылық және уақытты өз бетінше жоспарлау маңызды болса, автобуспен тұрақты жүретін тұрғындар қоғамдық көліктің қолжетімділігіне, шығынның аздығына және көлік жүргізу қажеттілігінің жоқтығына басымдық бе реді. Бас қалада түрлі көлік түрлерінің дамуы, «Tarlan Astana» рельс үстіндегі көлік жүйесінің қазіргіден басқа бірнеше бағыты дамытылуы болашақта халық санының өсуімен бірге бұл мәселенің реттелетініне сендіреді. Осылайша қаладағы кептеліс пен экология ның нашарлауы мәселесі шешімін тауып, Астана ең таза және ең қауіпсіз шаһарға айналғанын көру – қарапайым халықтың тілеуі.